Нұр-Сұлтан іргесіндегі Қосшы ауылының 25 мың тұрғыны ауыз сусыз отыр
Адамдардың тіршілік нәрінсіз қалуына Нұра өзенінің арнасынан тасып су жиналған ұңғымаларды басып қалуы себеп болған. Ал, шенеуніктер болса, мұндай тасқын боларын білмедік деп отыр. Елордадан 20 шақырым жердегі жұрттың қазіргі жағдайы қандай?
Автор: Әсел Тұмашқызы
09.04.2019
Қосшы ауылының жас пен кәрісі бөтелкелеп су тасып жүр. Үлкендердің ауыр көтеруге шамасы жоқ. Бар ауыртпалық балаларға түскен. Сабақтан шыққан бетте құтыларын алып, осында асығады. Әйтпесе, бүкіл отбасы сусыз қалады.
Өмірзақ Әбілдаев, Қосшы ауылының тұрғыны:
- Мен қазір 7 жыл тұрамын. Жылдағы әдет қой. Мынау деген масқара. Сосын тазалық деген жоқ.
Осы кезде Қосшы ауылының 25 мың тұрғыны сусыз отыр. Тұрғын үйлердің төменгі қабатындағыларға таңғы 9-дан кешкі 5-ке дейін тамшылатып болсын су беріледі. Ал, жоғарғы қабаттағылардың тіршілік нәрінен қағылғандарына бір аптадан асқан. Мұндағылар ас ішкен ыдыстарын түнге дейін жинап қояды. Осылай үнемдемесе, жуынып, кір-қоңын шаюға су жетпейді.
Ирина Горелик, Қосшы аулының тұрғыны:
- Ыдысты осылай жинап қоямыз. Аптасына бір рет жуынамыз. Сусыз қалай өмір сүруге болады?
Ауылға су жіберіп тұрған 6 ұңғыма ернеуінен тасыған Нұра өзенінің астында қалған. 50 мыңнан астам халқы бар Қосшы ауылының тіршілік нәрінсіз қалуы сондықтан. Қазір ауылға мына ескі 6 ұңғыма арқылы су беріліп жатыр. Бұл жеткіліксіз. Жеткілікті болу үшін жаңадан салынатын 14 станса іске қосылуы керек.
Ал, бұл күнді халық ұзақ күтетін секілді. Өйткені, мына таспада жаңадан салынып жатқан ұңғымаларды түгел су шайып кеткені көрініп тұр. Негізінен қондырғылардың құрылысы әлі аяқталмаған. Шенеуніктер ауыз судан таршылық көргесін уақытша амалдай тұрыпты. Ал, бюджеттің қаржысы жұмсалған стансалардың қауіпсіз жерге салынуын арнайы комиссия бекітіп берген.
Қайрат Бижанов, Қосшы коммуналдық қызметінің директоры:
- Қазір судың азғантай деңгейі түссе, ұңғымалардан сусорғыш насостарды алып, тазалап, қайтадан қоса береміз.
Құжат бойынша қондырғылар қарашада ғана пайдалануға берілмек. Ал, атқамінерлер болса, оған дейін су басып қалған 6 ұңғыманы ретке келтірмек. Шенеуніктердің айтуынша, су деңгейі төмендеп жатыр. Сондықтан осы аптаның соңына дейін қосшылықтардың ауыз суға қолдары жетеді деп уәде берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!