{metadescription}
Ақмола облысында үш бірдей ауыл әлі де су қоршауында қалып отыр
Ақмола облысында үш бірдей ауыл әлі де су қоршауында қалып отыр

Ақмола облысында үш бірдей ауыл әлі де су қоршауында қалып отыр

Ең қиын жағдай Ескі Қалқұтан ауылында. Көлік қатынасы үзілген. Ауылмен аттас өзен арнасынан тасып, төңіректі түгел жайлаған. Қазір 800-дей адам құдды бір теңіздегі аралда тұрып жатқандай күй кешуде. Азық-түлік жеткізу, адамдарды тасымалдауға қайық таптырмас көлік болып тұр.

Сары даланың төсін су басқан, су бетінде ары-бері ойқастаған қайық. Бір кездегі мал өрісі болған ауыл маңы қазір аққу-қаздың мекеніне айналған. Бұл арнасынан асқан Колутон өзенінің кесірі. Ескі Колутон ауылы көз ұшынан мұнартады. Жергілікті жұрт ауылды да, өзенді де Қалқұтан деп қазақшалап алыпты.

Далаға жайылған судың аумағын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тегістікке жайылған телегей судың аумағы ұшан-теңіз. Көз шалым жердің барлығын қызыл су басқан. Енді су деңгейі сәл көтерілсе, теміржолдың да тағдыры қыл үстінде тұр.

Республикалық тас жол мен ауыл арасын жалғайын 2 шақырым жолдың шамамен 600 метрінен қарқынды ағыс асып өтіп жатыр. Бүйірі опырылған мына жері кішкентай сарқырама айналған. Көлік жүре алмайды. Сондықтан ауылға келгендер республикалық күре жолдан бұрылған бойда осы жерге тоқтайды.

Бұл Ескі Қалқұтан ауылы тұрғындарының жиналатын орны. Осы жерден ауылға алып барады, ауылдан осы жерге алып келеді. Ең тиімді көлік құралы – ол моторлы қайық.  Ауылға қайықпен жету үшін қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек. Мынадай күртешелерді әрбіріне кигізеді. Өйткені, далаға жайылған судың тереңдігі жарты метр. Ал өзен аңғары одан да терең.

Көктем басталысымен жапа-тармағай қайыққа міну ауылдағылардың жылдағы әдетіне айналыпты. Көз ашқалы көретіндері тасқын болған соң жан-жақтан қаптаған телегей су оларға қалыпты жағдай болып кеткен.

Мұрат Боранбаев, Колотун ауылының тұрғыны:

- 30 жыл осылай қайықпен жүреміз.

- Үйреніп қалдыңыздар ма?

- Иә.  

Ауылдың төрт құбыласы түгел су құрсауында. Шет жақтардағы жиырма шақты үйдің ауласы мен қора-қопсысы тобықтан аса суда тұр. Ол үйлерге бару үшін белшеден суға батуға тура келеді. Бәрінен де рахатты көріп жүрген қолдағы қаз-үйрек. Ал қалыпты тіршілік жасап, шаңы көтеріліп жатқан ортасы ғана. Бұл Астрахан ауданындағы су басу қаупі төнген үш ауылдың ішіндегі ең қиыны. Ал Атбасар ауданында Жабай өзені қалыпты күйде. Қауіптен түбегейлі құтылу үшін Атбасар қаласының іргесіндегі жиынтық суларды арнайы техникамен өзенге қарай ағызып жатыр.Ал қиын жағдайда тұрған Қалқұтан ауылына қатысты төтенше жағдай қызметі тасыған судың ең қауіпті деңгейінен 11 сантиметрге төмендегенін айтады.

Владимир Беккер, ІІМ Төтенше жағдайлар комитенінің төрағасы:

Шамамен 2-3 күннен кейін тасқын қарқыны төмендейді деп болжап отырмыз. Тұрғындарға ол жерден көшуді ұсынған едік, жұрт келіспейді. Үйлерді су алған жоқ әзірге. Суға кетіп жатқан тек аулалар.

Бірақ, мұнша су қашан тартылып, жол қатынасы қашан қалыпқа келерін ешкім нақты айта алмайды. Осы жағдай жыл сайын қайталанып жатса да көлік жолын бір метрге биіктету енді ғана қолға алынып жатыр екен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде