Тоқаев сайлауға барынша жауапкершілікпен қарауға шақырды
9 маусымда кезектен тыс Президенттік сайлау өтеді. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жариялаған үндеуінен мәлім болды. Маңызды шешім шығарарда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кеңескенін айтты. Енді ол алда өтетін саяси науқанның ашық әрі әділ өтетініне кепілдік беріп, халықты таңдау жасауға шақырып отыр.
Автор: Әсем Қабылбек
09.04.2019
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек. Сондықтан, елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін. Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек. Ол үшін аталған тағдырлы шешімді қабылдадым. Мұндай шешім тек халықтың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет. Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін. Қадірлі Отандастар! «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді дана халқымыз. Алдағы сайлауға баршаңызды барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!