Парижде «Ұлы даланың бояуы» атты көрме ашылды
Парижді тамсандырған көрме. Франция астанасында «Ұлы даланың бояуы» атты көрме ашылды. Қала тұрғындары мен қонақтарға еліміздің тұмса табиғаты мен тарихын паш еткен шығармашылық жобаны Тұңғыш Президент қоры мен ЮНЕСКО клубтары Қазақстан ұлттық федерациясы ұйымдастырды.
Автор: Мақсат Мәлік
10.04.2019
Сәбина Ақжарова, ЮНЕСКО клубтары Қазақстан ұлттық федерациясының бас хатшысы:
- Көрмеге жас суретшілер мен халықаралық фестивальда жеңімпаз атанған балалардың 70-ке жуық туындысы қойылған. Бұл шара Тұңғыш Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын насихаттауға арналған.
Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде тұсаукесер рәсімі өткен көрмеде қазақстандық жас суретшілер мен фотографтардың суреттері таныстырылды. Шара барысында қонақтар ұлттық аспаптарымыздан төгілген күйге құлақ түрді. Содан кейін көрмені тамашалағандар сурет арқылы қазақ халқының дәстүрі мен дархан даласының табиғатына көзбен көргендей қанықты. Жас авторлар туындыларында Нұр-Сұлтан қаласы да назардан тыс қалмаған. Көрме 12-ші сәуірге дейін жалғасады.
Сергей Тоқтаров, Тұңғыш Президент қоры Алматыдағы өкілдігінің директоры:
- «Ұлы даланың бояуы» атты көрме тамыры терең дәстүріміз бен мәдениетімізді дамыту тұрғысында Тұңғыш Президент қоры мен ЮНЕСКО клубтары Қазақстан ұлттық федерациясының керемет жобасы. Ең бастысы, мұндағы балалар мен жастар Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған еліміздегі іргелі өзгерістердің жолын жалғастырады. Осы жоба арқылы әлемдік қауымдастық заманауи Қазақстанды жаңа қырынан тани түсетініне сенімдімін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!