Ақтөбе облысында тұрғындар малын жайылымға шығаруға қорқып отыр
Себебі, әккі ұрылар бақташыны елеместен табын шетінен мүйізді ірі қараны айдап әкетеді екен. Сиырдың буаздығына да қарамайды. Қарнын жарып, етін сойып алады. Ал өлі бұзауларын лақтырып кетеді.
Автор: Жаңалық Ахаш
10.04.2019
Ойыл тұрғындары баукеспелердің әбден басынып алғанына ашынады. Себебі, ұрылар мал бағып жүрген бақташыға қарамастан табын шетінен кешқұрым сиырларды айдап кететін болған.
Ұрылар жайылымнан сиырларды мына иесіз жатқан қораға қамаған. Олар тіпті мүйізді ірі қараның буаз екеніне бас қатырмаған. Солардан қалған мінекей, бұзау өлекселері далада шашылып жатыр.
Барымташылар Ұлан Шыңбаевтың бірер күнде бұзаулайын деп тұрған төрт сиырын жайратып салыпты. Етін мүшелеп алып кеткен. Тек өлі бұзау мен ішек-қарнын ғана қалдырған.
Ұлан Шыңбаев, Ойыл кентінің тұрғыны:
- Қазақ баласы малмен өскен малдың обалын біледі ғой. Туайын деп тұрған сиыр, бір-екі күн қалған кейбіреуіне. Садақа деп айта қоятын өлетін мал емес. Адамдар келіп, ұйымдасып ұрлап тұр. Бұл деген жылдан жылға көбейіп барады.
Жалғыз Ұлан емес, Ойылдық ондаған тұрғын ұрыларға қарғыс айтып отыр. Бұрын барымташылар жылқы айдап кетуге үйір болса, қазір еш қорықпастан ауыл іргесінен сиыр сойып алып кететін болған. Мұндағы жұрт ұрылардың ұйымдасқан топ екеніне және алыстан келмегеніне сенімді.
Өтеген Сағатов, Ойыл кентінің тұрғыны:
- Жалғыз адам емес қой. Оның арғы жағында бар басқарып отырған адам бар.
Полицейлер қарақшыларды барын салып іздеп жатқанын айтады. Бірақ осы күнге дейін ұсталған ұры жоқ.
Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Ойыл ауданында мал ұрлығына қатысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, жедел топ құрылып, іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Қазір полиция қызметкерлері мал соятын орындар мен мал сататын базарларды тексеруде.
Қазір Ақтөбенің төрт ауданында мал ұрлығы үдеп барады. Тәртіп сақшылары күдікке алынғандардың бар-жоғын айта алмай отыр. Тек тұрғындардан қорасындағы төрт түлігін көзден таса қылмасын деген кеңестерін аямайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!