Алматыда жылу құбыры жарылып, пәтерлерді ыстық су басып қалды
Алматыда оқыс оқиға. Көп қабатты үйдің дәл іргесінде жылу құбыры жарылып, 7 бірдей пәтерді ыстық су басып қалды. 4 тұрғын қайнаған суға күйді. Күйік шалғандардың дені қария кісілер. Апатқа тағы да тозығы жеткен құбыр себеп. Яғни бұл бірінші жағдай емес.
Автор: Аруна Ортай
10.04.2019
Ал апаттың алдын алудың орнына, күйгендерден кешірім сұрауды әбден әдетке айналдырған жылу мекемесіндегілер бұл жолы да шығын орнын толтыруға уәде беріп құтылды.
Бір-ақ мезетте қайнаған судың астында қалған жұрт қайда бас сауғаларын білмей қалған. Ыстық сумен бірге, жарылған жолдың тастары да жан-жақа атқылап, тұрғындардың үрейін алды. Орындарынан тырп ете алмаған жұрт дереу құтқарушыларды шақырған. Бірақ таңғы төртте тек тәртіп сақшылары ғана көмекке келіпті. Құдай сақтап, көшеде адам баласы болмаған. Су екпінінің қатты болғаны сонша, көліктердің терезесі шағылып, есіктері қираған.
Көліктерін басқа көшеге қойған жүргізушілер қуанғанымен, мына үй тұрғындары әбіржулі. Жер астынан атқылаған су терезелерін сындырып ішке кірген. Қайнаған судан шошып оянған жұрт далаға қарай тұра қашқан.
Қайнаған су лап қойған бұл үйде 85 жастағы қария тұрады. Бұл кейуананың ұйықтап жүрген бөлмесі екен. Қазір мұнда судан аяқ алып жүргісіз, ал қабырғасының барлығын сыз тартқан. Бірақ өкінішке қарай, 85 жастағы апа бүгін осныда түнеуге мәжбүр.
Рәзия Кереева, зардап шегуші:
- Бұл үйді қайда тастап кетіп қаламыз? Бірдеме қылып жатамыз бір бұрышқа.
Рәзия апа - соғыс ардагерінің жесірі. 85-жастағы әжені далаға ұлы көтеріп шығарыпты.
Рәзия Кереева, зардап шегуші:
- Үйдің іші толған бу! Төбеден аққан су! Үйдің іші тура тізеден су боп тұр! Содан далаға жалаң аяқ атып-атып шықтық! Былтыр ғана жөндеп едім. Дүниемнің барлығы бүлінді. Енді орнына басқасын ала алмаймын.
Ал қайнаған суға 4 адам күйген. Бәрі де ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың табаны күйгенін айтады. Дені - дер кезінде шығып үлгермеген қарт кісілер. Ал апатқа құбырдың тозуы себеп. Жылу мекемесіндегілер ондағы қайнаған су адам өміріне қауіпті емес деп отыр.
Ян Гирин, «Алматы жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ресми өкілі:
- Құбырдағы судың температурасы 67 градус болған. Ол адам өміріне қауіпті емес. 7 пәтер мен 8 көлік иелеріне шығындарын өтейміз. Пәтерлерге жөндеу жұмыстарын жасап береміз. Мекеме басшылығы барлық шығынды өз мойнына алып отыр.
Ал жарық пен сусыз қалған тұрғындар қайда барарын білмей дал. Өйткені дүние-мүлкі бүлініп, көрпесіне дейін малмандай су болған. Жығылғанға жұдырық болып, жауын да молынан құйып тұр. Жалпы соңғы бес жылда бұл осымен төртінші жағдай. Онда да мамандар құбырдың ескілігін алға тартқан болатын. Бүгін де тесілген жерін жамап, қоя берді. Ал оның қайта жарылмасына кепілдік жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!