Нығматулин 1 миллион теңге жалақы алатын басқарма төрағасының жұмысын сынға алды
«Бір үй - бір бірлестік - бір шот». Елімізде пәтер иелері кооперативері жойылып, орнына мүлік иелерінің бірлестігі құрылуы мүмкін. Осылайша, тұрғын үйді басқарудың жаңа тәсілі енгізілмек. Алайда тың идеяларымен келген министр Роман Склярды депутаттар сұрақтың астына алды.
Автор: Әсел Тұмашқызы
10.04.2019
Елімізде едені қырық жамау, қабырғасы құлап қалғалы тұрған тұрғын үйлер өте көп. Енді қарапайым халық баспанасының кем-кетігін түгендеп, жөндеу жұмыстарын өздері жасамақ. Алдымен жаңадан бірлестік құрылады. Немесе қызмет көрсететін компания жалдайды. Ал ол мекеме бұрынғыдай оншақты үйге емес, көпқабатты бір баспанаға ғана қызмет көрсетуі тиіс.
Роман Скляр, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Бизнес процестердің ашықтығын қамтамасыз ететін тұрғынүй-коммнуалдық шаруашылығының ақпараттық жүйесін құру қарастырылған. Ақпараттық жүйеде тұрғындар үй бойынша шығындар мен табыстарды бақылап, есептердің дұрыстығын тексере алады.
Демек, тиімсіз пәтер иелері кооперативтерінің орнына меншік иелері арасынан мықты менеджерлер керек. Себебі, мұндай кооперативтер басшыларының бүгінгі бет-бейнесі көңіл көншітпейді. Мәжіліс төрағасының айтуынша, бұл қызметтегі адам экономист, заңгер, инженер, кем дегенде, әлеуметтік қызметкер болуы тиіс. Ал қазынаның миллиондарына құрылған мамандарды дайындайтын орталықтың жұмысы дұрыс емес дейді Нұрлан Нығматулин.
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:
- Қазақстан Тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту орталығында 97 адам бар. Қай мемлекеттік органның да мұндай үлкен штаты жоқ. Ал басқарма төрағысының орынбасарлары Премьер-министрдікінен де көп. Басшысының жалақасы 1 миллион теңгеге дейін жетсе, қарапайым қызметкер 250 мың теңге шамасында алады.
Бүгінде кез-келген көпқабатты үйге қызмет көрсететін ұйым бар. Олар баспанаға жөндеу жүргізіп, іші-сыртын қалыпқа келтіргені үшін ақша алады. Бұрын бір шаршы метріне 51 теңге болса, енді 12 теңгені құрайды. Оған қоса, әр үйдің жеке есеп-шоты ашылып, қаржысы сонда сақталады. Дегенмен, депутаттар қараша халықтың қаржысы ұстағанның қолында кетпей ме деп алаңдайды.
Петр Шарапаев, Мәжіліс депутаты:
- Елімізде 70 мыңнан астам көпқабатты үй бар. Демек, екінші деңгейлі банктерде дәл осынша есепшот ашылады. Бұл жерде қаржы ұйымдарының қалай қызмет көрсететіні, қырауар қаржының қауіпсіз сақталуы жайында ақпарат жоқ.
Бірлестік басшысы шоттағы ақшаны тек үйдің жөндеу жұмыстары мен берешегін жабу мақсатында ғана жұмсауға құқылы. Ал бірнеше жыл ішінде жиналған қаржы кәдеге жаратылмаса, банк өзге мақсатта ешкімге ақша бермейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!