Өскеменнен Алматыға қатынайтын жол адам көргісіз күйде
Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар тас жолдың тас-талқаны шыққан. Өскеменнен Алматыға қатынайтын оның асфальты адам көргісіз күйде тұр. Қопарылып, шұрық-тесікке айналғандықтан, кейбір жүргізушілер одан қашып шаң басқан жолмен жүруге мәжбүр. Ал күре жолды жаңарту жұмыстары тек биыл қыркүйек айында қолға алынуы мүмкін.
Автор: Ұлан Нұрахмет
11.04.2019
Бұл – Өскемен мен Семейді, Алматыға және Қытайға жалғап жатқан тас жол. Қазір, мұны тоғыз жолдың торабы деп айтуға ауыз бармайды. Өйткені тозығы жеткен асфальты қопарылып шұрық-тесікке айналған. Соның салдарынан көлік біткен тұсаулы аттай тұралап жатыр. Тіпті, жүргізушілер Жаңғызтөбе мен Қалбатау арасындағы 25 шақырымды бір сағат жүруге мәжбүр.
Өмірсерік Әбдірахманов, көлік жүргізушісі:
- Қалбатауға дейін 20-25 минутта баратынбыз. Қазір бір сағат жүреміз. Жол жүргізбейді. Жылына екі-үш рет машинаның хадовкасын жөндейміз.
Жол азабын тартқан жүргізушілер тапқан-таянғанымызды көлігімізге жұмсаймыз дейді. Соның айтуынша, бір рет ескіні жаңаға ауыстыру үшін қосалқы бөлшектің өзіне жүз мыңдай теңге кетеді. Сондай-ақ, Жаңғызтөбе кентінің ішіндегі тас жолдың да тас-талқаны шығып жатыр. Ал жергілікті атқамінерлері жырым-жырым асфальтті жамаумен әлек. Олар бұған ауылдың ішімен өтетін 60 тонналық жүк көліктерін кінәлап отыр.
Алшынғазы Хамитов, Жаңғызтөбе кенті әкімі аппаратының бас маманы:
-Ауыл ішіндегі жолдар қиынға соқты. Бірақ бұл әкімшілік деңгейінде болғандықтан шамамыз келгенше өз күшімізбен жөндеп жатырмыз. Биылғы жылы жолды жөндеуге 4 млн 505 мың теңге қаражат бөлініп отыр.
Ал Өскемен-Қалбатау-Талдықорған бағытындағы күре жолды биыл қыркүйек айынан бастап қайта жаңғырту жоспарланған. Қазір мердігер компаниядағылар жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуде. Сондықтан ол келешекте тақтайдай қос жолақты жолға айналуы тиіс. Дегенмен, мамандар оған дейін де адам көргісіз күйге түскен асфальтты қайта қалпына келтірмек.
Болат Жұртбаев, «Қазақавтожол» ЖШС ШҚО филиалының бас маманы:
- Біз өткен жылы жолға жөндеу жүргізуді қолға алған едік. Ол қыс түскендіктен аяқсыз қалды. Негізі, бұл жұмысты сәуір айында бастасақ та үлгермедік. Қазір қайтадан қалыпқа келтіру жұмысы басталды.
Өңір бойынша Таскескен-Бақты бағытындағы үлкен жолды жөндеу жұмыстары бітуге жақын. Оның енді 20 шақырымы ғана қалыпты. Сондай-ақ, 2017 жылы қолға алынған Қалбатау-Майқапшағай күре жолы әлі күделі жөңдеуден өткізілуде. Ол 2022 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!