Ақынның мерейтойы қарсаңында жамап жасқалған жол, қонақтар кетісімен қараусыз қалған
Қарағанды облысындағы Қасым Аманжолов ауылына баратын 40 шақырым жолдың тас талқаны шығып жатыр. Осыдан 10 жыл бұрын ұлы ақынның 100 жылдығы алдында жамап жасқалған жол, қонақтар кетісімен қараусыз қалған. Тіпті, Қарқаралы ауданы билігіне айта-айта жақтары талған жұрт, жолды өз күштерімен де жөндеп көріпті. Бірақ ол ұзақ жүріс бермеген.
Автор: Саят Сабдалы
11.04.2019
Жәлел Әкімов Қарағанды мен ауылы арасына жиі қатынайды. Қаладан Қарқаралыға 200 шақырымды шалқайып отырып өтетін ол, ауылға баратын мына жолда жаны шығып кете жаздайды екен. Ойдым - ойдым тесіктерге дөңгелегі түскенде өңі бозарып, ойы бұзылады.
Жәлел Әкімов, Қасым Аманжолов ауылының тұрғыны:
- Бізге тек қана керегі осы қара жол. Туризмді дамытуға болар еді. Өйткені таудың ортасында орналасқан біздің ауыл. Тұмса табиғат, қай жерге барам десе де.
Әзірге бұл жолды туристерге көрсетуге болмайды. Әйтпесе Кент тауынының табиғатына талайдың таңдай қағарына сөз жоқ. Бірақ ғажап жобаның, жол түзелмей іске аспасы анық.
Аудан орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан Қасым Аманжолов ауылының тұрғындары мына жолмен көп жүргілері келмейді. Өлім-жітім мен той-томалақ болмаса, ондағы жұртқа туысқандары да келуді қойған. Өйткені олар мына жолды итеңдеп жүріп 1 жарым сағат дегенде әрең өтеді екен.
Әсіресе сыртқаттанған адамды аудан орталығына жеткізу қиын. Басы ауырып, балтыры сыздаған немесе жүкті әйел үшін селкілдеп отыру сынақ дейді. Тұрғындарды таситын ауылдың жалғыз такси көлігін жүргізгеннен жөндегені көп.
Жандарбек Арапов Қасым Аманжолов ауылының тұрғыны:
- Бензинің бар, сайманың бар. Сайманның бағасын білесің. Жол дөңгелектен дөңгелек қоймайды. Бір жарым сағатта әзер жетем.
Осыдан 3 жыл бұрын шыдамы таусылған ауыл халқы жолдың шұрық тесігін өз күштерімен бітеген. Материалға шамамен 300 мың теңгедей шықты дейді. Соның өзі бір жылдан аса уақытқа шыдапты. Ал аудан билігі былтыр орталықтан шыға беріс 10 шақырым жерді жөндеуге 264 миллион теңге жұмсадық дейді. Алайда сол жөнделген аумақтың өзі қазір жүруге жарамайды.
Айдар Мұқан Қарқаралы аудандық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- 216 миллион теңгеге 10 шықырымын жөндеуге бюджеттік өтінім берген болатынбыз республикалық бюджеттен қарастыруға. Аудандық бюджеттің шамасы келмейді оның барлығын жөндеуге. Осы жылға қарастырылмады қаражат, келесі жылға жоспарлап отырмыз.
Шенеуніктердің есебі бойынша ауданнан ауылға дейінгі қашықтықты орташа жөндеуге 1 миллиард теңге керек. Ал биылша осы жолдың жиегіндегі арам шөпті шауып, тесіктерге топырақ толтыруға 1 жарым миллион теңге ғана қарастырылыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!