Алматыда қайнаған судан зардап шеккендер өтемақы көлеміне наразы
Алматыда кеше жарылған ыстық су құбырынан келген шығын есептелуде. Бүгін зардап шеккен көпқабатты үйдің тұрғындарына бағалаудың алдын-ала сомасы жазылған акт таратылды. 7 үй мен 8 көліктің иелері тәуелсіз сарапшылардың көмегіне жүгінбек. Себебі, қағазда көрсетілген сома тым аз.
Автор: Әсем Қабылбек
11.04.2019
Жарылған жылу құбырының ыстық суы көпқабатты үйдегі тұрғындардың мүлкі мен жиһазын жарамсыз күйге түсірген. Тіпті үйдегі есіктер ісінгеннен жабылмай тұр. Қабырғаларды сыз басқан. Бұл үйлерде су мен жарық жоқ. Кешегі апаттан соң барлығы өшірілуі. Бас-аяғы 7 пәтердің иесі шарасыз күйде. Солардың бірі зейнеткер Наталия Решетникова. Баспанасының сиқы мынау.
Натали Решетникова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мұнда тұратындардың - дені қарттар. Кешелі бері өз ақшама пәтер жалдадым. Киімдерім мен жататын төсек-орным дымқыл. Ал, сынған терезенің шынысы мен қиыршық тастарды тазалауға еріктілер көмектесті.
Қазір көпқабатты үйдің дәлізінде кептіру жұмыстары басталды. Құтқару қызметінің мынандай арнайы пештері әр қабатта қосулы тұр. Өздеріңіз көріп тұрғандай тұрғындар мынандай жатын орнын, киім-кешегін барлығын іліп қойған. Ең қиыны үйдің ішіндегі ылғалды қабырғаны кептіру дейді тұрғындар.
Қабырға мен еден толықтай кеппесе, жөндеу жұмыстарын бастау қиын. Әкімдік өкілдері пәтерлердің ішкі көрінісін суретке түсірген. Апатқа кінәлі жылу беру мекемесі әзірге күрделі жөндеуге кететін шығынды есептеп отыр. Тұрғындардың айтуынша, бағалаушылар үйлерді өз көзімен көрмеген. Бүлінген жиһаздардың құнын сұрағанда мүліктің түбіртегін талап етіпті. Түн ортасында ыстық судың астында қалып, денесін күйік шалған 4 адам қазір ауруханада. Құбырдың жарылуынан сұлулық салоны да жапа шекті. Ғимарат терезелерінің сау-тамтығы қалмаған.
Наталия Герасименко, шаштараз:
- Мына жақпен жүріп көріңіздер. Құбырды жөндеп, асфальтты төседі. Біздің салон сол күйі қалды. Терезенің сау жері жоқ. Жұмыс тоқтап тұр.
Ыстық судың екпінінен ұшқан асфальттың тастары маңайдағы 8 көлікті сындырған. Оларға күрделі жөндеу керек. Қолдарына бағалау қағазы тиген көлік иелері шешімге разы емес.
Маргарита Нұрсейітова, автокөліктің иесі:
- Агенттік мамандары әкімдіктің тапсырысымен 2011 жылғы көлігімді 582 мың 430 теңгеге бағалапты. Бұл сома ештеңеге жетпейді Ұсақ-түйекке кететін шығынды есепке алмаған. Көлікті қайта бағалауды талап етем.
Бүгін пәтер иелеріне бағалаудың алдын-ала қорытындысы таратылды. Тұрғындармен кездескен Медеу ауданының әкімі апат салдарымен күресудің 3 нұсқасын ұсынды.
Сұлтанбек Мәкежанов, Медеу ауданының әкімі:
- Келіспейтін тұсы болса құрылыс материалдарын халық өзі таңдасын деп отырмыз. Әкеліп береміз. Содан кейінжөндеу жүргізетін құрылыс мекемесінің құжатын берсе адамдар. Біз оларға ақшасын төлеп берейік.
Екінші нұсқа тұрғындар келісім берсе, әкімдік пәтерлерді өздері жөндемек. Қос тарап мәмілеге келмесе, іске сот араласпақ. Әзірге, жарылған жылу құбырынан келген шығын көлемі нақты емес. Зардап шеккендердің дені тәуелсіз агенттіктің көмегіне жүгінбек ниетте. Себебі, әкімдік тарапынан берілген бағалау көңілдерінен шықпай отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!