Тоқаевтың суретін көшеге іліп қойған ақтаулық шенеуніктер ұрыс естіді
Ақтауға ат басын бұрған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көшеге өзінің суреті бейнеленген билборд іліп қойған жергілікті шенеуніктерге шүйлікті. Әкімдер мен министрлерді қажетсіз іспен айналыспауға шақырған мемлекет басшысы, оларға мақсатсыз қаржы жұмсап, бюджетті түпсіз бөшке көресіңдер деді.
12.04.2019
Әрине, жергілікті атқамінерлер Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде Ақтауға алғаш рет келгенде мұндай ұрыс естиміз деп ойламаса керек. Себебі, қаладағы басты көшеге мемлекет басшысының суреті бар 14 билборд іліп тастаған екен. Әзірге билбордтарды орнатуға қанша қаржы кеткені белгісіз. Бірақ, мамандар нарық бағасына сәйкес, әр билбордты 1 ай мерзімге қою үшін 140 мың теңге қажеттігін айтады. Алайда, Президенттің қатаң сынынан соң шенеуніктерге тезірек шешім қабылдауға тура келетін секілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Күні кеше маған Ақтауда суретім бейнеленген 10 астам билборд қойғанын хабарлады. Оны орынсыз деп есептеймін. Мен мұндай насихатқа мұқтаж емеспін. Негізінде жұмсалған қаржыны әлеуметтік нысандарға бағыттау керек. Билбордтарды Елбасымыз бас болған жылдардағы жетістігімізге арнаған дұрыс. Барлық деңгейдегі әкімдерге осындай нұсқау беремін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!