Тараздық қыз болмашыға бола өзін өлімге қиғысы келген
Таразда өз-өзін өлтірмек болған студент қыз құтқарылды. 19 жастағы бойжеткен құрылысы бітпеген 7 қабатты нысанның төбесінен секіремін деп қиғылық салды. Алайда оның суицид жасауына жол берілмеді. Осы жағдай көптің ашуын туғызды. Себебі соңғы кездері қараусыз жатқан ғимараттың төбесіне шығып, «өлемін» дейтін жастар көбейген. Ал қайғылы жағдай болмас үшін бұқара биліктен нысанды бақылауға алуды талап етуде.
Автор: Руслан Әбдіхалық
16.04.2019
Бұл қонақ үйдің құрылысы жарым жолда тоқтағанына 10 жылдан асты. Содан бері ғимарат балалар ойын алаңы мен суицид жасайтын орынға айналған. Күні кеше ғана 19 жастағы колледж студенті секіремін деп тұрып алды. Биікке сатымен көтерілген төтеншеліктер оны әзер дегенде құтқарды.
Ал жанын қиюға бел буған қыздың өмірдегі болмашы сәтсіздіктер үшін осы қадамға барғаны анықталды. Өткен жылы да бірінен кейін бірі екі студент осындай әрекет жасап, бірақ күштік құрылымдар аман алып қалған еді. Ал соңғы оқиғадан кейін жергілікті тұрғындар наразылықтарын білдірді.
Жанна Папина, қоғам белсендісі:
- Мен әлеуметтік желіде осы мәселені талай көтергенмін. Бірақ не қала әкімдігінен не, басқа мекемеден ешқандай жауап алған жоқпыз.
Ғимараттың айналасында қоршау жоқ. Ішіне кіріп, жоғары көтерілу де қиын емес. Тәртіп сақшылары нысанға жастардың көптеп келетінін жасырмайды. Оларды қуғанымен, нәтиже болмай жатса керек.
Дәулет Құдайберген, учаскелік инспектор:
- Осы маңдағы үйлерден, жаяу жүргіншілерден шақыртулар түсіп жатады. Маскүнемдер мен нашақорлар отырады. Біз келіп екінші рет келмейтіндей түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
Бір жыл ішінде үш мәрте қайғылы жағдай бола жаздады. Дәл мына мен тұрған жерден үш адам секірмек болды. Алайда өмірімен қош айтыспақ болғандардың ойлары жүзеге аспай қалды. Себебі оларды күштік құрылымдар құтқарып қалған. Осы жағдайлардың жиілеуі тұрғындардың наразылығын туғызып жатыр. Олар қараусыз жатқан ғимараттың айналасын мықтап бекітуді немесе нысанды сүріп тастауды талап етуде.
Ал шенеуніктер тек үшінші деректен кейін ғана шұғыл қимылдап жатыр. Ұзақ уақыттан бері табылмай жүрген нысанның иесін де анықтапты. Тіпті жағдайдан шығудың оңтайлы шешімін таптық дейді.
Гүлбахрам Дүйсекеева, Тараз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Сеткамен жауып, жоғарғы жақтағы баспалдақтарды алу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар бір апта көлемінде аяқталады.
Ғимарттың иесі шымкенттік кәсіпкер екені белгілі болды. Бірақ қаржылық қиындықтан құрылысты аяқтуға да, оны қоршауға да шамам жоқ деп жауап қайырған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!