{metadescription}
Грантқа түсірем деп жұрттан миллиондап ақша алған алаяқ ақыры қолға түсті
Грантқа түсірем деп жұрттан миллиондап ақша алған алаяқ ақыры қолға түсті

Грантқа түсірем деп жұрттан миллиондап ақша алған алаяқ ақыры қолға түсті

Тегін оқумен қызықтырып, талайды сан соқтырған алаяқ. Алматыда балаңды грантқа оқуға түсіремін деп елден ақша жинаған азамат құрықталды. Полицейлердің айтуынша, күдікті 40 адамды тақырға отырғызып кеткен. Жәбірленушілердің барлығы Алматы облысының тұрғындары екен. Олардың әрқайсы уәдені үйіп-төккен алаяққа 3-4 миллион теңгеден ұстатыпты.

Қастер Сəметұлы деген мына жігіт алаяқтан опық жеген жанның бірімін дейді. Оның айтуынша, тесттен төмен бал алған інісіне білім грантын ұсынған күдікті 650 мың теңгесін қалтасына басыпты. Алайда, грант тұрмақ ақшадан бір айырылған жəбірленуші, тіпті інісінің құжаттарын қайтара алмаған.

Қастер Сәметұлы, жәбірленуші:

- Алматыдағы Сайран автовокзалына апарып бердік. Құжатты қолына ұстаттық. Қыркүйек айында оқуға түсесіңдер деді. Барып едік, ешқандай оқу жоқ. Телефоны да жоқ, хабарлассақ көтермейді.

Полицияның дерегінше, жоғары оқу орындарында қызмет істеймін деп елді арбаған 30 жастағы азамат 40 адамды тақырға отырғызған. Күдікті тізбектеген оқу ордаларының арасында Қазақ спорт жəне туризм академиясы да бар. Бірақ, кейін оның ешқандай білім мекемесіне қатысы жоқтығы анықталады. Ал, жəбірленушілердің арасында оған 3-4 миллион теңгеден санап бергендер бар екен.

Күдікті:

- Ақша алдым. Оқуға түсіріп беремін деп. 

- Қанша адамнан алдыңыз?

- Бір-ақ адамнан. 

Аңқау ата-ананы білім грантымен қызықтырған алаяққа жем болғандардың дені Алматы облысының тұрғындары. Алайда, полиция департаментіндегілер зардап шеккендер саны əлі де көбеюі мүмкін дейді.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:

- Бұл азаматтан зардап көрген тағы да адамдар болса, 254 46 01 және 254 46 02 телефондарына хабарласуын сұраймыз. Негізі қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-тармағы бойынша аса ірі көлемде жасалған алаяқтың дерегі бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделеді.

Полицейлердің айтуынша, жәбірленушілердің қатары көп болғандықтан жаза мөлшері бұдан да артуы ықтимал. Ал, күдікті алаяқтық жолмен тапқан қаржыны қажетіне жұмсап үлгеріпті. Сондықтан тәртіп сақшылары ата-аналарды көлденең жолыққан батпан құйрыққа қызықпай, сақ болуға кеңес береді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде