Нығматулин: Көлік жүргізушілерін емес, ғарышкерлерді дайындап жатқандай
Нұрлан Нығматулин жүргізуші куәлігін алу үшін әуреге түсетіндердің мәселесін мәжілісте көтерді. Төменгі палата төрағасы темір тұлпарды тізгіндеуге рұқсат беретін органдардың жұмысын сынға алды.
Автор: Әсел Тұмашқызы
17.04.2019
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:
- Сіздер жүргізушілерді емес, ғарышкерлерді дайындап жатқан сияқтысыздар. Заман өзгерді. Көз бен құлақты тексеру үшін бірнеше тест жасау жеткілікті емес пе? Ал, бізде сараптамадан өту үшін ұзын-сонар кезекте тұрады. Медициналық тексерісті жеңілдету жайын неге қарастырмайсыздар?
Өйткені елімізде көлік жүргізу куәлігі әр он жыл сайын ауыстырылады. Егер құжаттың мерзімі өткеніне 2-3 күн болса, жүргізуші медициналық тексеруден өтуге міндетті. Демек, көру қабілеті нашар адам куәлігінің мерзімі өтпей ауыстыратын болса, дәрігердің алдына барып уақыт жоғалтпайды. Ол демде жаңа құжатты қолына алады. Депуттар заңның бұл нормасымен келіспейді. Олар құжат ауыстыратын кез-келген жүргізуші медициналық тексеруден өтсін деп отыр. Дегенмен, Ішкі Істер мен Денсаулық сақтау министрлігі рөлге отыратын адамдарға сапалы әрі жылдам қызмет көрсетпейді. Өйткені, рұқсат алу үшін бір адамды 8 дәрігер қарап, 7 зертханалық талдама жасалады.
Әлібек Кеңесбаев, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:
- Медициналық тексерісті жылдамдату үшін жасалатын талдаманы азайтамыз. Ол үшін тексеру жүргізетін дәрігерлер санын азайтып, көлік жүргізуге кедергі келтіретін ауруларды тез анықтайтын мамандар қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!