{metadescription}
Алматы облысында жол құрылысына қатысты үлкен дау шықты
Алматы облысында жол құрылысына қатысты үлкен дау шықты

Алматы облысында жол құрылысына қатысты үлкен дау шықты

Алматы облысындағы әйгілі Алтын Орда базары маңайындағы жол құрылысына қатысты шу шықты. Жұмыстың қарқыны баяу деп шағымданған көлік жүргізушілері сиқы қашқан айналма жолдың зардабын тартып отырғанын айтады. Ойдым-ойдым жолда сағаттап тұрудан шаршағандар айналма өткелге уақытша асфальт төсеп беруді талап етуде. Алайда, мердігер компания бұған қаржы қарастылмағанын айтып, ауызды қу шөппен сүртіп отыр.

Кептелістен құтыламыз деген қуанышы су сепкендей басылған жүргізушілер кімге шағымданарын білмейді. Қарқыны баяу құрылыс жұмысы әрі-бері қатынаған ағайынның өмірін тозаққа айналдырыпты. Ойдым-ойдым айналма жолдың тауқыметін тартқандар, діттеген жерімізге жете алмай қиналамыз дейді. Әсіресе, жаңбыр жауған сайын жолдағы шұңқыр терең орға айналады екен.

Таңатар Төреғали:

- Жөндеу жасағанда дұрыстап жасамай ма? Машиналар сынып жатыр. Бұл жолды да көріп тұрсыздар ғой, ойлы-бикіктен жүре алмай жатырмыз.

Қуаныш Жанбосынов:

- Таңертең жұмысқа бара жатқанда халыққа қиын. Тезірек бітіріп берсе деп едік. Сегізде басталатын жұмысқа 5-те тұрып кетеміз.

Алматы-Бішкек күре жолының Алтын Орда базары маңайындағы 4 шақырымға жуық құрылыс жұмысына 9 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда, қалаға кіретін басқа жол таппаған жүргізушілер тілімдей ғана айналма жолдың сиқына наразы. Бірақ, құрылыс қарқыны тоқтаған емес деген мердігер компания өкілдері, бар кінәні ауа-райының қолайсыздығына артады.  

Зор Нұрсадықов, мердігер компания өкілі:

- Шамалы сабыр керек енді. Ауа-райы толық жұмыс істеуге мүмкіндік бермей жатыр. Амандық болса жақында жасап береміз, халық риза болатын шығар. Осы тұрғанда көріп жатырсыз, грейдер тегістеп жатыр.

Алайда, өкпесі қара қазандай жүргізушілер бұған дейін жол тегістейтін көлік көрмедік дейді.

Мамандар айналма жолға еш қаржы бөлінбегенін айтады. Сондықтан қолда барды ұқсатып, көліктердің өтуіне мүмкіндік жасап отырған көрінеді. Ал, мына жерден тəулігіне 25-30 мың көлік қатынайтынын ескерсек, жүргізушілерге келер жылы құрылыс толық аяқталғанша осы жолды қанағат еткеннен басқа амал жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде