{metadescription}
Жетісайда қыздарына зәбір көрсеткен өгей шеше қамауға алынды 
Жетісайда қыздарына зәбір көрсеткен өгей шеше қамауға алынды 

Жетісайда қыздарына зәбір көрсеткен өгей шеше қамауға алынды 

Түркістан облысында үш өгей қызын азаптап, қорлық көрсетті делінген әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сұмдық жағдай Жетісай қаласында бір жарым жылдан бері болып келген. Үш қызы бар тұрғынмен азаматтық некеге отырған Жұлдыз Көбеева жеткіншектерге көресіні көрсеткен көрінеді. Мұны мұғалімдері кездейсоқ білген соң ғана, қыздар ауруханаға жеткізіліпті. 

Жетісай ауруханасында жатқан апалы-сіңлілі үш қыздың денесінің сау-тамтығы жоқ. Туыстарының айтуынша, бұл бір аптадан бері ауруханада жатқан жеткіншектердің оңалған түрі екен. Бір жарым жыл бойына соққының астында болған қыздардың айтқанынан адам шошиды. 

Сәлима:

- Тілімді қысты плоскогубцымен, саусақтарыма ине тықты. Тырнақтарым түсіп қалды. Сіңлілеріме  пышақ тығып алған кездері болды. Мұздай суға жатқызып қойып, суға тұншықтырды. Мені қолмен қылғындырды. Күнара істейтін еді, бір күн таяқ жемей қалсақ та ертесіне таяқ жейтінбіз. Кезекпен.


Туған аналары тастап кеткен соң екінші әйел алған әкесі көбіне жұмыста жүріп, жеткіншектер өгей шешемен үнемі үйде болған. Олардың айтуынша, әуелі жазаны шапалақпен бастаған Жұлдыз Көбеева біртіндеп, қыздар үшін нағыз әзірейілге айналыпты. Қит етсе, естен тандырып ұра берген көрінеді. Осыдан кейін қаршадай қыздар тіпті өлімді де ойлайды.

Сәлима:

- Сөйтіп, тез қимылдамағанымызға, сосын естімей қалғанымызға бола ұрсатын. Мәншүк айтатын еді, ұйықтай алмаймын жүрмін түнімен деп. Өмір сүргім келмей кетті деді маған.

Өгей шешеден екі жыл бойы көрген қорлығын жеткіншектер адам баласына айтуға қорқып келген. Бір жағы әкелеріне зияны тиер деп, екіншіден өздеріне тиген таяқ үдей ме деп үрейленіпті. Ал денелерінің көгерген жерлерін өгей шеше опа жағып жасырып келген.

- Қыздығыңды алам деген отверткамен. Сол кезде байға да тие алмайсың депті. Мына қыздар дәретке шыққанда қан сиген.

Көбіне көгала қойдай көгеріп жүретін қыздар апта бұрын болған жәйтті мұғаліміне айтып беріпті. Осыдан кейін шұғыл ауруханаға жеткізіліп, полиция іс қозғаған. Қазір, 28 жастағы Жұлдыз Көбеева тергеліп жатыр. 

Нұрділдә Ораз, ҚР ІІМ ресми өкілі:

- Балаларды қатыгездікпен ұрып-соғып, дене жарақатын салу бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Күдіктіге шектеу шарасы қолданылады. ІІМ Ерлан Тұрғынбаев бұл мәселені өз бақылауына алды.

Бір жарым жасар баласы бар әрі аяғы ауыр Жұлдыз Көбееваға екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Апалы-сіңлілі қыздардың жақындары 28 жасар әйелді аналық құқынан айрылсын деп отыр. Ал, 11, 13 және 14 жастағы үш қыз әлі ауруханада жатыр. Олармен психологтар әлі біраз уақыт жұмыс істеуі керек. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде