«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйдің сылағы түсіп жатыр
Сапасыз құрылыстың сергелдеңі. Алматыда мемлекеттік бағдарлама арқылы үй алғандар пәтерлерінің күйіне көңілдері толмайды. Мердігер мемлекеттік тапсырыс бойынша салынған жаңа баспананы шала күйінде тапсырған. Көпқабатты үйдің іргетасынан бастап кемшілік жетерлік. Ал құрылыс компаниясы тұрғындардың шағымына құлақ асар емес.
Автор: Әсем Қабылбек
18.04.2019
Тұрғындардың дайын үйге кіреміз деген талай жылғы арманы ақталмады. Сапасыз құрылыс көңілдерін су сепкендей басқан. «Нұркенттен» «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй алғандардың дені - салымшылар. 10-15 жылға ипотека рәсімдеп, айына 70-80 мың теңгеден төлейді. Айман Сұлтанованың 1 бөлмелі пәтерге қоныстанғанына небәрі 3 ай. Шағын ғана үйді салу барысында кеткен кемшіліктерге қынжылады. Қалтасынан ақша шығарып жөндеп жүр.
Айман Сұлтанова, «Нұркент» ықшамауданының тұрғыны:
- Қызым жуынып тұрғанда төбенің сылағы басына құлаған. Үйді тұрғызғандарға оны дереу айттым. Тағы да құламасына кім кепіл? Жуынатын бөлмеге кіруге қорқамыз.
Бірінші қабатта тұратын Шынар Мақұлбаеваның үйі жылу құбырының үстінде орналасқан. Техникалық талапқа сәйкес бұл пәтер баспана болып есептелмейді. Алайда, банк ипотеканы заңды түрде рәсімдеген. Шынар құбырдан шығатын ыстық ауа мен үздіксіз шудан мезі болған. Дыбыстың күші 50 децибелден асады. Үй иесі не істерін білмей дал.
Жаңадан салынған үйлердің төбесінің сылағы түсіп, кіреберістің қабырғаларын жарықшақ басқан. Ыстық және салқын су келетін құбырлардан жиі су ағады. Сапасыз есіктен үйдің ішіне жел соғып тұр. Одан қалса жеделсаты жиі істен шығады екен. Көпқабатты тұрғын үйді салған серіктестіктің үстінен шағым көбейгендіктен іске аудандық әкімдік араласты. Тұрғынлдар амалсыздан осында тұруға мәжбүр. Себебі, ипотекадан бөлек баспана жалдауға қаржы керек. Қазір «Нұркенттегі» 1392 пәтердің 1209-ы қабылданыпты. Ал, тапсырыс беруші «Бәйтерек» холдингі тағы 100 баспананы сапасыз деп тапқан.
Берік Әшірбеков, Алатау ауданы әкімінің орынбасары:
- Біздің аудандық әкімшілік тарапынан ол жер бақылауға алынды. «Артемида» ЖШС Нұх-Бәйтерек тарапынан мамандар бөлінді.
Жақында нұркенттіктер құрылыс компаниясының кесірінен жарықсыз қалды. Сөйтсе мердігер электр энергиясына 11 млн теңге қарыз екен. Ендігі басты жұмыс - көпқабатты тұрғын үйді пәтер иелері кооперативінің қарамағына сатылай өткізу.
Құрылыс компаниясы көпқабатты үй мен ауладағы кемшіліктерді жоюға 2 ай уақыт мерзім сұрап отыр. Жұмыс барысын әкімдік тікелей бақылайды. Ал су жаңа баспанасын жөндеуден өткізіп мезі болған жұрт талабымызды орындамаса, сотқа жүгінеміз дейді. Себебі, осы жылдың қарашасында мердігер тарапынан көпқабатты үйге берілетін кепілдік мерзімі аяқталады екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!