Төркініне қашқан әйелін үйіне қайтара алмағаннан баласын кепілге алған
Қарағандыда 6 сағаттан аса әкесінің тұтқынында болған нәресте жансақтау бөлімінде түнеп шықты. Дәрігерлер бала қатты шошып қалған дейді. Оқиға былай болған: Ерлі-зайыпытылар арасындағы жанжалдан кейін үйге келген полицейлерге 34 жастағы отағасы есікті ашпаған. Тіпті, «кірсеңдер кенжемді өлтірем» деп, екі жастағы нәрестенің тамағына пышақ тақап, елдің есін алыпты.
Автор: Саят Сабдалы
18.04.2019
Кейін, өзі талап еткен көлікпен қаланың орталық мешітіне барғанда ғана одан қыз баланы аман алып қалу мүмкін болды.
Жанжал кеше түстен кейін осы үйдегі бір пәтерде басталған. Жанболат есімді жігіт мұнда 3 баласын жетектеп төркініне қашқан әйелін іздеп келіпті. Енесінің айтуынша, күйеу баласы алдынан өтіп кешірім сұраған. Бала-шағасын алып кетпек болғанда, қызы қиғылық салған көрінеді. Іс насырға шапқан соң енесі мен әйелі екі баланы алып пәтерден тұра қашады. Ал Жанболат есікті тарс жауып кенжесін кепілге алған.
Шәрбән Сасанова, күдіктінің енесі:
- Сен бармадың деп ерегісіп пышақ ала жүгірген. Балаға пышақ тіреп тұрған. Өзінің санын да кескен екен. Басы жұмыс істемейді, өзі бұрыннан ауырады. Былай жақсы жігіт.
Баласының тамағына пышақ кезеп пәтерге ешкімді жолатпаған жігіт полициядан өзі мен баланы қаланың орталық мешітіне жеткізуді талап етеді. Бір қолымен пышақ, екіншісімен баланы ұстаған ол маңайына ешкімді жолатпай, ұсынылған көлікпен мешітке кеп кіреді. Алла үйінің айналасын тегіс қоршауға алып, онда жан баласын аттатпаған полиция күдіктімен екі сағатқа жуық келіссөз жүргізген.
Жаңатай Сембеков, Қарағанды облыстық ПД баспасөз хатшысы:
- Азамат қызының мойнына пышақ кезеген күйде ешқандай келіссөзге көнген жоқ. Бірнеше мезеттен кейін ол өз өзінен қол жұмсайтынын айтып, полицияның келіссөз жүргізушілері баланы босатуға көндірді. Шапшаң іс-қимыл танытқан полицияның арнайы жасақ қызметкерлері тұтқындағы баланы босатқан бойда, өз-өзіне қол жұмсау әрекетіне жол бермеді.
Мешіт имамына өмірден әбден түңілгенін айтқан күдіктінің, сол жерде жан тапсыру жоспары орындалмады. Ал тұтқыннан босаған баланы жедел жәрдем бірден орталық балалар ауруханасына жеткізген.
Жанат Елубаев, Қарағанды облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары:
- Қабылдау бөлімінде қараған бетте қорқыныш сезім, аффективті талу деп бағаланды. Сол себептен реанимация бөлімінде жарты тәулік бақылауда болды. Қазіргі таңда баланың жағдайы қанағатанарлық. Бала анасымен бірге саматикалық бөлімде ем қабылдауда.
Жұбайы ерінің үстінен арыз түсірмеген. Бірақ қылмыстық іс онсыз да қозғалды. Қару қолданып, әлсіз адамды кепілге алу бабы бойынша ол енді 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!