Шетелде жүрген қандастарымыз үшін байланыс-орталығы ашылды
Елімізде оралмандарға арналған байланыс-орталығы ашылды. Енді шетелде жүрген қандастарымыз 14-04 нөміріне қоңырау шалып тегін кеңес алады. Бүгін «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы мен «Отандастар» қоры осындай құжатқа қол қойды.
Автор: Әсел Тұмашқызы
19.04.2019
Шетелден келген қандастарымыз Қазақстан азаматтығын алып, қажетті құжат жинау үшін бармайтын жері, қақпайтын есігі жоқ. Оларға кеңес беріп, бағыт-бағдар сілтейтін бірде-бір мекеме жоқ. Сондықтан қай жерден ақпарат аларын білмей сабылып жүреді. Енді осы олқылықты жою үшін 10 маман жұмыс істейтін арнайы орталық ашылды. Тиісті құжатқа бүгін «Қазақтелеком» мен «Отандастар» қоры қол қойды.
Нұртай Әбіқаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ Президенті:
- Дүниежүзілік қазақтардың құрылтайында Тұңғыш Президентіміз тапсырма берген. Дүниежүзінде жүрген қазақтардың отаны бар. Ол – Қазақстанның жері. Келем дегендерге көмектесуіміз керек. Сондай тапсырма берілді. Сондықтан қорымыз құрылды.
Мұндағы мамандар бір терезе қағидасы бойынша қызмет көрсетеді. Әлемнің әр түкпірінде жүрген қандастарымыз Skype арқылы байланысқа шыға алады. Мұндағы мамандар қазақ, орыс, ағылшын тілінде мәлімет береді. Болашақта орталықтың ақпарат жүйесін мемлекеттік органдардың базасымен біріктіру жоспарда бар.
Қуанышбек Есекеев, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы:
- Интернет арқылы да хабарласуға болады. Бұған дейін адамдар қайда хабарласуын білмей келді. Бұл мәселе оңтайлы шешілді. Енді бір нөмір болады. Хабарласып барлық мәселені түгел шешіп алуға мүмкіндік бар.
Тәуелсіздік алғалы тарихи отанына оралғандар саны 1 милиионнан асқан. Ал, әлі де 5 миллионнан қазақ әлемнің әр түкпірінде жүргенін ескерсек, бұл бастама қандастарымыздың атамекеніне көшуін мейлінше жылдамдатпақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!