Шіріген картоптан уланғандар Тәжікстан азаматтары болып шықты
Ақмола облысындағы Державинск қаласында 4 бірдей адам жертөледе қаза тапты. Олар картоп сақтайтын ұраға бірінен соң бірі түскен. Қыстан бері қақпағы жабық болған қоймада уланғандардың барлығы – Тәжікстан азаматтары.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
19.04.2019
Бұл азаматтар Тәжікстаннан жыл сайын көктемде осы қалаға келіп, жалдап алған жерге картоп отырғызып, өнімін сатып табыс табады екен. Биыл да көктем туысымен осында жетіпті. Жертөледе сақталған картоп тұқымын тексермек болса керек. Көкөніс сақталған жерге бірін-бірі іздеп түскен. Бірақ біреуі де кейін қарай шықпаған. Ес-түзсіз жатқан оларды жергілікті тұрғын тауып, полицияға хабарлапты. Құтқарушылар мен жедел жәрдем жеткенімен, олар естерін жимастан жан тапсырыпты. Болжам бойынша, шіріген картоптан бөлінген метан газына уланған болуы мүмкін. Қазір жергілікті әкімдік олардың денелерін туған жеріне жіберуге қамданып жатыр.
Гүлнар Пинчук, Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- 12-ші сәуірде Қазақстанға келген. Көші-қон заңын бұзған жоқ. Державинскіде қазақстандық әйелге үйленген ағасының үйіне келіпті. 4 адамның өлі денесі сот-медициналық сараптаға жөнелтілді. Ешқандай зорлық іздері жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!