Шри-Ланкада жарылыстан 300-ге тарта адам қаза тапты
Ал жараланғандар 500-ге жуықтаған. Құрбандар саны әлі де өсуі мүмкін. Өйткені жарылыс болған жерлер әлі толық аршылған жоқ. Жантүршігерлік жағдайдан соң жергілікті тұрғындар жаппай қан тапсыруға кіріскен. Ал жүздеген адамның өмірін жалмаған сегіз бірдей жарылысты ешбір лаңкестік ұйым әлі мойына алмады. Дегенмен, жергілікті полиция осы оқиғаға қатысы болуы мүмкін деген жиырма адамды тұтқындады.
Автор: Аруна Ортай
22.04.2019
Бұл шіркеуге жексенбі күні мінәжат етуге келгендердің ешбірі де тірі шықпады. Ал жарылыстан соң ішке кіргендердің зарынан құлақ тұнады. Өйткені, қабырға мен айнала қанға боялған еді. Жалпы, Шри-Ланкада бір күнде дәл осындай сегіз жарылыс болды. Қаскөйлер ел астанасы Коломбодағы үш қонақ үй мен үш шіркеуді, сондай-ақ, тұрғынүй кешенін жарып жіберді. Лаңкестік әрекеттен қаза тапқандар көбейіп келеді. Әзірге 300-ге жуық мәйіт табылғаны хабарланды. 500-ге жуық адам ауыр жараланған. Бұл оқиға аралдағы халықтың қасіретіне айналды.
Шри-ланка тұрғыны:
- Бауырым мен ұлымнан айырылдым. Көз алдымда. Бұл қалай болғаны? Қаншама адам қаза тапты.
Мерт болғандардың көбі туристер. Жапония, Пәкістан, Үндістан, Қытай, Голландия, АҚШ, Түркия азаматтары көрінеді. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі құрбандар арасында отандастарымыз жоқ деп мәлімдеді.
Жерлестеріміз жиі демалатын аралдағы қайғылы оқиғаға байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтты. Ал Шри-Ланкада төтенше жағдай жарияланды. Жалпы жексенбі күні елдегі бір жарым миллион католик шіркеуге жиналып, пасханы мерекелеп жатқан. Аралдағы мемлекеттің кардиналы осындай зұлымдыққа барғандарды қатаң жазалауды талап етті.
Малкольм Ранджит, Шри-Ланка кардиналы:
- Бұл жауыздықты ешқандай сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жарылыс болған шіркеулерде де, қонақ үйлерде де халық көп болды. Олардың ойында еш жаманшылық жоқ еді. Халық мәз-мейрам боп мерекені тойлады. Мұны жасаған жауыздарға ең ауыр жазаны талап етемін. Ол солай болады да.
Мәйіттердің бәрін бірдей туыстары әлі танып болған жоқ. Жалпы, мұндай сойқан әлемде соңғы он жылда болмаған. Әзірге, жарылыстарды ешбір лаңкестік ұйым мойына алған жоқ. Дегенмен, оған қатысы бар деген күдікпен жиырмадан астам адам тұтқындалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!