Зеленский 3 маусым күні президенттік қызметіне кіріспек
Ал Украинадағы президент сайлауының екінші кезеңінде Владимир Зеленский көш бастады. Белгілі шоумен бұл жолы 73,2 пайыз дауысын жинаған. Ал, сайлаушылардың 25,3 пайызы Петр Порошенконы таңдаған. Көптің қолдауына ие болып, жеңісіне масаттанған Владимир Зеленский: «Бізде бәрі де мүмкін» деп мәлімдеді.
Автор: Әсем Қабылбек
22.04.2019
Украинада Президент сайлауының екінші кезеңі кеше Киев уақытымен 20:00-де аяқталды. Саяси додада Владимир Зеленский көш бастады. Екінші кезеңде электораттың 73,2 пайызын жинаған ол жеңісін тойлады. Зеленскийді алғашқылардың бірі болып жары Елена құттықтады. Сайлауда айқын басымдыққа ие болған 41 жастағы шоумен өзін қолдаған отбасы мен халыққа ризашылығын білдірді. Украина халқының үмітін ақтауға уәде беріп, жоспарымен де бөлісті.
Владимир Зеленский, Украина президенттігіне үміткер:
- Ресейде саяси тұтқында отырған теңізшілердің бәрін қайтаруға күш салам. Мен олардың ата-аналарымен сөйлестім. Ал, Ресеймен «Норманд форматындағы» келіссөздерді жалғастырамыз. Бастысы, Донбастағы соғысты тоқтату керек.
Екінші кандидат Петр Порошенкоға сайлаушылардың 25,3 пайызы дауыс берген. 2014 жылдан бері билік тізгін қолға алған Порошенко Зеленскийді құттықтап, әзірге саясаттан кетпейтінін мәлімдеді.
Петр Порошенко, Украина президенті:
- Мен келесі айда Мемлекет басшысы міндетімен қош айтысамын. Көптің қалауы осы болды, сондықтан бұл шешімді мойындаймын. Мен Украина үшін саяси күресті жалғастыра берем.
4 күн бұрын «Олимпийкий» стадионында Порошенко мен Зеленский арасында дебат өтіп, бірін-бірі сынға алған болатын. Ал, тура 1 ай бұрын «Нью-Йорк Таймс», «Ля Фигаро», «Зе экономикс», «Вашингтон пост» секілді шетелдік басылымдарға берген сұхбатында актер Украинаның ұлттық мүддесі үшін қызмет ететінін айтқан еді.
Владимир Зеленский, Украина президенттігіне үміткер:
- Украина Еуроинтеграцияны таңдаған. Менің міндетім - Еуропа мемлекеттерімен әріптестікті одан әрі нығайтуға көмектесу.
Кейбірі 41 жастағы шоуменді сайқымазақ десе, сарапшылар Зеленскийді Макрон секілді еуропалық типтегі жас басшы болады деген пайым жасады.
Владимир Зеленскийдің негізгі жоспары - елдегі жемқорлықты жою. Бас прокурордан бастап кадрлық өзгеріс болатынын жасырған жоқ. Қалай десек те, актердің Украинадағы президент сайлауында халықтың ең көп дауысын иеленген кандидат ретінде тарихта қалары сөзсіз. Су жаңа басшыны Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та құттықтап, ел игілігі жолындағы еңбегіне табыс тіледі. Зеленский 3 маусым күні Жоғары Радада ант қабылдап, президенттік қызметіне кіріспек. Яғни Украина халқы сенім артқан актерге сериалда өзі сомдаған рөлді шынайы өмірде жүзеге асыратын сәт алыс емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!