Апатқа ұшыраған жеңілмоторлы ұшақтың «қара жәшігі» сараптамаға жіберілді
Қарағанды облысында «ФК-14 Поларис» жеңілмоторлы ұшағының апатқа ұшырау себебін анықтауға астанадан арнайы комиссия барды. Олар ұшақтағы қара жәшікті зерттейді. Қайғылы жағдай Қарағандыдан 15 шақырым жердегі «Балапан» шағын әуежайының маңында болған. Ұшақ бортында 52 жастағы ұшқыш Юрий Артемов пен 29-дағы курсант Мереке Әукешев отырыпты. Олар қаза тапты.
Автор: Саят Сабдалы
22.04.2019
Апат кеше күндізгі сағат 4-тен өте болған. Тәжірибелі ұшқыш пен курсант отырған «ФК-14 Поларис» ұшағы қону жолағына қарай бет алыпты. Куәгерлердің айтуынша, төмендеп келе жатқан әуе аппарат бір мезетте шыр көбелек айналып барып, жерге тұмсығымен қадалған. Ұшақтағы екеу тіл тартпай кетіпті. Апат орыны қоршауға алған полиция жансыз денелерді мәйітханаға жөнелтіп, өздері тергеу амалдарына кіріскенде қас қарайған еді.
«ФК 14 Поларис» жеңіл моторлы екі орындық ұшақ құлаған жер түні бойы қоршалып тұрды. Онда кешелі бері полицияның криминалистері жұмыс жасаған. Дегенмен бүгін апат орнына индустрия және инфрақұрылым минстрлігінің мамандары келіп, өздерінің сараптамасына қажетті материалдарды жинап жатыр.
Ұшақтың тізгігінде 30 жыл бойы әскери ұрыс ұшақтарын басқарған, тәжірибелі ұшқыш Юрий Артемов болған. 52 жастағы жігіт ағасының 2 қызы, 1 немересі бар. Көршісі, әрі 10 жылдан астам бірге жұмыс істеген әріптесі Станислав Федотов, оны білікті маман еді дейді. 5 жыл бұрын зейнетке шыққанымен ұшуды тоқтатпау үшін, ұшқыштарды даярлайтын авиаорталыққа жұмысқа тұрған екен. Бос уақытында екеуі бірлесіп ұшақтардың макетін жасайтынбыз деп еске алады ол.
Станислав Федотов Ю. Артемовтың әріптесі:
- Ол әскери ұрыс ұшағымен мыңдаған сағат ұшқан білікті маман. Ұшудың қыр сырын бес саусақтай меңгерген. Миг-31 сиақты. Бірақ апатқа себеп болатын көп дүние бар. Тергеу анықтар. Бірақ үлгілі әке, мықты әріптес және жақсы адамнан көз жазып қалдық.
Авиаорталықтың курсанты Мереке Әукешев қаладағы мекеменің бірінде жүргізуші боп жұмыс істеген. Ұшсам деген арманы жетелеп, арнайы курсқа жазылған екен. Ал бүгін ұшақты өзі басқаруға рұқсат беретін сертификат алу үшін емтихан тапсыруы керек болатын. Сынаққа бір күн қалғанда дайындығын пысықтау үшін көкке көтірілген. Бірақ сол күйі қона алған жоқ. 29 жастағы тепсе темір үзетін азаматтың артында жары мен кәмелетке толмаған екі баласы аңырап қалды. Мереке жоқ дегенді естіген әрептестері де, төбеден жай түскендей күйде.
Рымбек Боранбаев, М. Әукешовтің әріптесі:
- Туған баламыздай, бауырымыздай болып кеткен азамат. Ажал деген үлкенге де кішіге де қарамайды ғой. Бірақ дәл Мереке осындай болады деп ешкім ойламаған. Жаңаша өмірге талпынып жүрген азамат болатын, әке шешесіне туысқандарына жаны ашып.
Қазір апат орынында елордадан жеткен арнайы комиссия жұмыс істеуде. Оның жұмысына әуе апаттарының себебін зерттеу басқармасының бастығы жетекшілік етіп жүр.
Роман Скляр, Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрі:
- Әрине, тергеу жүргізіліп, апаттың себебі анықталады. Соған қарай шешім қабылдаймыз. Бір айта кететіні, былтыр елімізде мұндай апат болған жоқ. Биылдыққа өкінішке орай бұл бірінші жағдай.
Жеңіл авияцияға арналған «ФК 14 поларис» ұшағы Польшада шығарылған. «Балапан» аэродромында мұның 4-еуі болған. Комиссия мен полцейлерден дамыл көрмей жатқан авиаорталық басшылығы әзірге жақ ашқан жоқ. Ал Юрий Артемов пен Мереке Әукешовтың денелері бүгін сот медициналық сараптамадан кейін үйлеріне жөнелтілді. Марқұмдар ертең жер қойнына тапсырылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!