Қордайдағы апат: Дәрігерлер зардап шегушілердің хәлі туралы айтты
Жамбыл облысындағы жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан 8 отандасымыздың бірі - Түркістан облысының тұрғыны. Қалған азаматтарымыздың қай өңірден екені әзірге белгісіз. Ал Өзбекстанның үш азаматының мәйіті еліне жеткізілді. Жалпы бұл оқиғадан 11 адам қаза тапқан болатын. Автобус апатынан зардап шеккен 9 азаматтың үшеуі әлі күнге дейін аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
Автор: Бауыржан Жақсымбет
22.04.2019
Түркістан облысының Жібек жолы ауылынан Алматыға келе жатып апатқа ұшыраған автобустың ішінде тәжікстандық Гүлмира Холматованың жұбайы да болған. Кейде туған жеріне күйеуімен бірге жолаушылар көлігімен барып келетін Гүлмира мұндай жағдайға бірінші рет душар болғанын айтады. Түн мезгілінде шырт ұйқыда жатқан Ағзам Холматов жедел-жәрдем көлігінде бір-ақ есін жинаған екен.
Гүлмира Холматова, Тәжікстан азаматы:
- Ол маған хабарласып, апатқа тап болғанын және жедел жәрдеммен ауруханаға алып бара жатқанын айтты. Әкем екеуміз жылдам келсек, толығымен таңулы жатыр. Сонымен бірге сынған жері болғандықтан гипс те салыпты. Кеше жағдайы тым нашар болатын. Қазір бір қалыпқа түсті.
Алматы, Ташкент жолымен жүретін жолаушылардың өмірі қауіпке толы. Себебі, адамдардан бөлек жеміс-жидек, азық-түліктер мен өзге де заттарды жүк салғышқа тиейтін автобус жүргізушілері, кейде көлік тізгініне ие бола алмай қалып жатады. Соның тағы бір дәлелі осы апат.
Сапарәлі Тастанов:
- Жеміс-жидек болады. Бұл ең табыс көзі. Сондықтан артық салмақ болуы мүмкін.
Жол апатына түскен барлық науқастарға облыстық ауруханалар тегін қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда жарақат алған 31 адамның 9-ы ғана ауруханада жатыр. Олардың 4-і Қордай ауданының орталық ауруханасында болса, қалған 5-і Тараз қаласында.
Марат Жұманқұлов, Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Тараз қаласының орталық ауруханасында 5 науқас жатыр. Одан кейін жансақтау бөлімінде жатқан екі науқас бөлімшеге ауыстырылды. Бес науқастың біреуі Өзбекстан Республикасының азаматы, біреуі Тәжікстан Республикасының азаматы.
Жібек жолы ауылынан шыққан автобустың ішіндегі қаза тапқандардың бірі Сарыағаш ауданына қарасты Ақжар ауылының тұрғыны Хамит Амиров. 41 жастағы азамат Алматыда дөңгелек жөндей орнында жұмыс істеген. Марқұмның соңынан үш қыз, екі ұлы қалды. Қазір қайғылы оқиғаға қатысты тергеу амалдары басталып, автобустың аман қалған жүргізушісіне қылмыстық іс қозғалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!