Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауына түсетін болды
Бүгін Елордада «Нұр Отан» партиясы кезектен тыс 19-шы съезін өткізіп, саяси додаға өз үміткерін ұсынды. Ал жиын ресми бөлігімен қатар Елбасының шешіле сөйлеген сәтімен де есте қалатын сияқты. Ол Тоқаевты не үшін таңдады, билікті ауыстыру жайын қашанннан бері ойластырып жүрді? Және Тұңғыш президент неге толқыды?
Автор: Ербол Тұрымбет
23.04.2019
Бұл – делегаттардың жиын басталмай тұрып бір-бірімен қауышу сәті. Ал съезге шақырылған 630 адамның белгілі себептермен жетеуі ғана келмей қалған. Елбасы өзі ұсынатын үміткерге ел бірлігін сақтау керектігін қатты ескертті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Nur Otan партиясының төрағасы:
- Біздің жағдайымызда билікті қолдан шығарып алсақ, керіауыздарға сөз беріп қойсақ біз елдіктен айрыламыз, тәуелсіздіктен де жұрдай боламыз. Тұрақтылық пен бірлік, ең дегенде қазақтың бірлігі, одан кейін көпұлтты халқымыздың бірлігі өте қажет.
Съезд делегаттарының ішінен он адам сөйлегеннен кейін модератор сөп созған жоқ. Өз орталарынан ел басқаруға үміткерді ұсынды.
- «Нұр Отан» партиясының 19-съезінің шешімімен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірауыздан Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде ұсынылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев 90-жылдары президентке қиындықтан шығуға көмектесті. 1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысынан кейін экономиканы қалыпқа келтіруге атсалысты. Жеке мемлекет болғалы бері еліміздің сыртқы саясатын қалыптастырды. Мемлекеттік қызметте жүргеніне Кеңес Одағы кезін қоса алғанда 40 жылдан асыпты. Енді билік басына да лайықты тұлға деп танылып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тарихтың жаңа тарауын бастаған егемен еліміз тағы бір маңызды кезеңнің алдында тұр. Мен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшімді саламын.
Елбасының да Тоқаевты таңдауы бекер емес. Тұңғыш президенттің сенімді серігіне айналған ол ел басқаудың қыр-сырын жақсы біледі.
Нұрсұлтан Назарбаев, Nur Otan партиясының төрағасы:
- Ол менен бір мүшел жас кіші. Осы күндері ел басқарып отырған төңірегіміздегі көршілеріміздің құрдасы және де замандасы болып саналады, жұмыс істеуіне ыңғайлы.
Назарбаев отырыстың басында ресми баяндамасын жасаса да жиын соңына қарай шешіле сөйледі. 19-шы мамырда президенттік өкілеттігін тоқтатқаны жай дүние еместігін талай рет айтса да, бүгінгі сөзі басқаша шықты. Мемлекетіміз өзгенің шаңын қаппай, оны ел қатарлы алып жүретін жаңа басшыны неше жыл іздегеніне дейін айтып берді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Nur Otan партиясының төрағасы:
- Бірнеше жыл ойландым. Егер құпияны ашатын болса 3 жылдан астам уақыт ойландым. Серіктестеріме басқа да кадрларға қарадым. Олардың көбісін өзім тәрбиеледім ғой. Әрқайсысына үлкен үмітпен қарадым. Соңында осындай тоқтамға келдім. Бұл дұрыс шешім.
Елбасы бүгін осылай шешіле сөйледі. Нұрсұлтан Назарбаев халқының талай жыл бойы өзін қолдап келгенін айтқанда көңіл-күйінің толқығаны көрініп тұрды.
«Нұр Отан» - еліміздегі ең ірі партия. Құрамына кіретін азаматтар саны 1 миллионнан асады. Партия мүшелері үшін Тәуелсіздіктің мызғымас беріктігі мен ел тыныштығын әрі қарай да сақтай алатын адам керек. Тәуелсіздік сарайында өткен жиынның басты идеясы да осы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!