Жер үйдің ауласымен суағар жүргізген әкімдіктің әрекеті тұрғындардың ашуын туғызды
Себебі, арықтан жайылған су Атамекен ауылы тұрғындарының берекесін қашырып, баспаналарына да жетіпті. Үш жылдан бері көрген күніміз осы деген тұрғындардың кейбірі үйлерінің жарамсыз күйге түскенін айтады. Ал мұның бәрі уақытша жағдай деген жергілікті шенеуніктер арық жүргізуге тұрғындардың өздері келісім берген дейді.
Автор: Мақсат Мәлік
24.04.2019
Атамекен ауылының тұрғыны Ақжарқын Бәсенова баспанамыздан безіп кетуге мәжбүрміз дейді. Себебі, сыз тартқан қабырғаның сылағы түсіп, еден асты көлкіп тұр. Тіпті ауладағы арықтан жайылған су кәдімгі көлшікке айналыпты.
Ақжарқын Бәсенова, Атамекен ауылының тұрғыны:
- Жаңбыр жауған күн туралы айтқым да келмейді. Өйткені, жаңбыр жауса түнімен ұйықтамаймыз. Қорқамын денсаулығымыз үшін де. Тек күнде Құдайға жалынып отырмын. Осы трубаларды алып тастап, жолдан былай өткізсе.
Мақпал Жамантаева, Атамекен ауылының тұрғыны:
- Өткенде тізеден су болып, інімнің үйіне көшіп кеттім. Жолдасымнан 14 жыл бұрын айырылып, 5 баламен қалғанда мұндай көрген жоқпын. Полдың асты су. Екі немерем ауру, жөтел.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, 2016 жылы жергілікті әкімдік толассыз жаңбыр суынан құтылу үшін жекеменшік үйлердің ауласымен арық жүргізіпті. Содан бері сорақылықтан көз ашпаған тұрғындар, қиюы қашқан баспана шығынын сұрамақ түгілі ауласындағы суағардан құтыла алмай жүр. Ал әкімдіктегілердің айтар уәжі мүлдем бөлек.
Нұрлан Уәзіров, Атамекен ауылдық округі әкімінің орынбасары:
- Қателеспесем 5 көшеде үйлердің ортасымен өтіп жатыр. Сіз айтып отырған Көктем 22-участіктің ішімен өтіп жатыр. Ең басында сол суғарды жүргізген кезде тұрғын үйдің иесінің рұхсатымен жүргізді суағарды.
Алайда өз үйінде толарсақтан су кешіп, сыз тартқан еденде түнейтін тұрғындар әкімдіктің бұл сөзін теріске шығарды.
Ақжарқын Бәсенова, Атамекен ауылының тұрғыны:
- Сол 2016 жылғы әкім осыны қойғызған, мен оған қарсы тұрдым. Бірақ ол мені тыңдаған да жоқ.
Жалпы, жергілікті шенеуніктер дренаждық жүйені толық қалпына келтіру үшін қаражат күтіп отырған көрінеді. Себебі, жер үйлердің ауласымен өтетін суағарларды уақытша орнатқанбыз дейді атқамінерлер. Алайда уақытша делінген мәселенің қашан шешілетіні белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!