Түркістан облысында адам өміріне қауіпті қалдықтар далада шашылып жатыр
Леңгір қаласының іргесіндегі медициналық қалдықтарды жою цехына барған белсенділер мен журналистер санитарлық нормалар сақталмақ түгілі, қолданылған шприцтер мен өзге де медициналық қалдықтарды иттердің сүйреп жүргенін көріп қайтты. Тіпті ашық-шашық жатқан цехта бірден жойылуы тиіс ампутацияланған дене мүшелері өртенбей шіріп кеткен.
Автор: Бек Әбиев
24.04.2019
Медициналық қалдықтарды жою цехы тура Леңгір қаласының іргесінде, күре жолдың бойында тұр. Мекеменің есігі әрдайым ашық болған соң ба бұл жерге төбеттер үйір. Иттердің үйір болатындай да себебі бар. Ғимарат іші шелектер мен 5 литрлік құтыларға құйылған аурухана мен перзентханалардан шыққан қалдықтарға толы.
- Наурыз айынан бері жатыр. Бұл масқара ғой.
Ал, іші толы әр шелек сыртына эпидемилологиялық қауіпті қалдықтар деп жазылған. Көбісінің беті ашық. Құрттап жатқаны да жетерлік. Бұл сұмдықты шымкенттік «қоғамдық бақылау» бірлестігі анықтапты.
Дарья Кудряшова, «Қоғамдық бақылау» ҚБ өкілі:
- Тұрғындар хабарласып, осы цехқа иттердің үйір екенін, үйлеріне жиі жартылай өртенген сүйек сүйреп әкелетінін айтып шағымданды. Оған қоса медициналық қалдықтар кей кезде цех сыртында өртеледі екен. Оның мүңкіген жағымсыз иісі де жергілікті тұрғындарды мазалап отыр. Мында келіп, жағамызды ұстадық.
Ал қолданылған шприцтер, адам өміріне қауіпті деген белгісі бар заттар цех іргесіндегі қоқыста үйіліп жатыр.
Цех жұмысшыларының сөзінше мекеме ішінен бірде-бір зат шықпайды екен. Тек, цех сыртында ине, дәрінің құтысы сияқты қауіпті заттардың жатқанын байқайсыз. Мәселен мына жерде өртелген сүйек пен медициналық жабдықтар шашылып жатыр.
Ал көрінген жерде жатқан инелерде инфекция болуы әбден мүмкін. Осы цехтың операторымын деген Фархат есімді мына жігітке қалдықтарды жағу жүктеліпті.
- Сіз күніге жағасыз ба?
- Келсе жағасың.
Санитарлық нормалардан атымен жұрдай деп жағасын ұстаған қоғамдық бірлестік өкілдері енді санэпидемиологтар мен прокуратураға шағым түсірмекші. Олардың пікірінше, алдын алмаса бір цехтың кесірінен нағыз эпидемиялық апат орын алуы әбден мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!