Экс-депутат Таспиховтың ел басқарудан үміті бар
Кәсіподақ өкілдері де ел басқарғысы келеді. Бүгін Қазақстан кәсіподақтары федерациясы бас кеңесінің отырысында шешім қабылданып, мұндағылар Амангелді Таспиховты президенттікке кандидат ретінде ұсынды. Бұл ұйым қарапайым жұмысшылар табының қордаланған мәселелерін көтеруді көздейді.
Автор: Ербол Тұрымбет
24.04.2019
Амангелді Таспиховтың кандидаттыққа ұсынылуы бекер емес. Мәжіліс пен Сенаттың депутаты болған азамат 2000-жылдары Индустрия және сауда министрлігінде, кейін 2010 жылдары да осы министрлікте комитет басқарған. Ол осы саяси науқанда жұмысшылардың жанға батқан мәселелерін көтермекші.
Амангелді Таспихов, Батыс Қазақстан өңірлік кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:
- Елде кәсіподақтың бар екенін үлкен қоғамдық күш екенін елге паш еткізіп, өзіміздің жақтастарымызды жинап, қол жинауымыз керек. Ол осы 2 миллион мүшесі кәсіподақтың позициясы болуы керек.
Батыс Қазақстан өңірлік кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Амангелді Таспиховтың бір кезде қатал мінезімен танылғаны бар. Мәселеге тіке қарайтын азамат бұл жолы да өз жақтастарына бір уақ бұйыра сөйлемек.
- Бәріңізге кез-келген уақытта хабарласып тапсыра беремін. Сол бойда тапсырманы орындауларыңыз керек. Сол жердегі шынайы жағдайды баяндауларыңыз керек.
Кәсіподақшылардың айтуынша, Еңбек кодексінде адамды жұмыстан шығарып жіберуге 25 негіздеме бар. Соған қарамастан жұмысшылардың жауапкершілігін күшейтетін жаңа заң жобасы қарастырылып жатыр. Аз жалақы мен ауыр еңбекке денсаулығын салып жүрген жандардың жағдайы екінші орынға түсіп қалды. Осының бәрін жіпке тізген кәсіподақтар федерациясы өз ортасынан екі бірдей адамды ұсынбақшы еді, біреуі тізгін тартты.
Мұхтар Тінікеев, Қазақстан кәсіподақтары федерациясы президенті төрағасының орынбасары:
- Мені кандидат ретінде ұсыну мүмкін емес. Өйткені мемлекеттік тілді жеткілікті білмейтіндіктен, бұл сайысқа түсе алмаймын. Әзірге үйреніп жатырмын. Бірақ сайлау туралы конституциялық заң мемлекеттік тілді өте жақсы меңгеру керек деген талап қояды.
Сонымен, жұмысшылар қауымының атынан саяси додаға 59 жастағы Батыс Қазақстан облысының тумасы Амангелді Таспихов түскелі отыр. Оған енді президенттікке толықтай кандидат атануы үшін негізгі 7 талаптың ең соңғысы қалды. Ол мемлекеттік тілді жетік әрі сауатты меңгергенін арнайы комиссия алдында дәлелдеп шығуы керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!