960 шаршы метр жер үшін бүтін бір даңғыл тұрғындары айғайға басты
Оған көше бойындағы құрылыс себеп. Өйткені, дәл осы жерден 7 бірдей көпқабатты үйдің тұрғындары өтеді. Аяқ астынан ағаштарды сұлатып, айнала қоршай бастағанда тұрғындар түсінбей қалған. Сөйтсе, бұл жерді әлдекімдер аукцион арқылы сатып алған екен. Қазаншының еркіне басқан жеке кәсіпкер меншігіне жан жолатпаған. Ашуға булыққан жұрт қоршауды қиратып, құрылыс салғызбаймыз деп күзетіп жүр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
25.04.2019
Абылайхан даңғылында күнде айқай. Қып қызыл дауға айналған мына алаңқай. Бұл жермен көлік те, жаяу да жүретін. Жол бойымен жылу құбыры да өтеді. Құрылыстың кесірінен жұрт бір күнде жүретін жер мен жасыл желектен де, теп-тегіс асфальттан да айрылды. Жағалай қоршап, астан-кестең етіп ағашын отап, жерді қаза бастағанда жұрт өре түрегелген. Қазықтарын лақтырып, шамалары келгенше кедергі жасап баққан.
Құрылыс компаниясы тұрғындар қарсылығына пысқырып та қарамады. Жылжымалы вагондарын қойып, құм төккен. Тіпті, канализациялық құбыр тартып, құдық та қазып үлгірген. Төселген асфальтты бұзып, жүргіншілер жолындағы төселген тастарды да таптап тастапты.
Құрылыс компаниясының бұлайша еркінсуі себепсіз де емес. Олар дәл осы жерді ауцион арқылы сатып алған. Жобалау сметалық құжатын әзірлеп, күн жылына іске кіріскен беті. Тұрғындар әкімдіктің дәл осы жерді сатып жіберуі мүмкін емес, - дейді.
Маржан Әменова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Бүтін бір шағын ауданды әкімдік аукционға қойған ба? Бұны әріден бастап тексеру керек. Заңсыз сатылуы мүмкін. Сатып алған адам әрине, ақшасы болған соң, аукционға шығарылған соң алған шығар. Әкімдер сонда көрмей ме мына көпшілік жүретін жерді не бетімен сатылымға шығарады? Осы жерде жатамыз түнеп, салғызбаймыз бәрібір.
Осы талаптарын айтып, айғайға басып жүрген тұрғындар бұл жерге қала әкімін де, прокурорларды шақыртты. Қалай да істің ақ қарасын тексеруін талап етуде.
Талғат Оспанов, Көкшетау қаласы прокурорының орынбасары:
- Жерді кім қалай берді, құжаттар қаншалықты заңды жан жақты тексеру үшін құзырлы органдарға сұрау салдық. Яғни, республикалық Жер ресурстары комитетіне, Мемлекеттік құрылыс-сәулет бақылау басқармалары қарастырып жатыр. Содан кейін сіздерге хабар береміз.
2017 жылы аукцион арқылы 25 миллион теңгеге сатылған 960 шаршы метр жерге жеке кәсіпкер екі қабатты көпсалалы кеңсе ғимаратын салмақшы екен. Тұрғындар қарсылығынан кейін кешенді тексеріс басталғандықтан жұмысты уақытша тоқтатты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!