Әміржан Қосанов қол жинауға кірісті
«Ұлт тағдыры» қозғалысының атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылған оны, Орталық сайлау комиссиясы бүгін Конституция талаптарына сай деп тапты. Яғни өткізген құжаттары мен қазақ тілінен тапсырған сынағынан мін табылмаған.
Автор: Досжан Маратұлы
30.04.2019
Әміржан Қосанов:
- Құдайға шүкір біз дайындықпен келдік. 17 облыста біздің штабымыз бар.
Енді саяси науқанға қатысатындардың барлығы дерлік өңір-өңірді аралап, 6 мамырға дейін 118 мың қолдаушысының қолын қойдырып әкелуі керек. Сондықтан уақыт тығыз. Жалпы, кандидаттыққа 8 үміткердің қазір жетеуі қол жинауды бастаған. Олар – «Нұр Отан» партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ақ жолдан» Дания Еспаева, кәсіподақтар федерациясынан Амангелді Таспихов, коммунистер атынан Жамбыл Ахметбеков, «Ауыл» партиясынан Төлеутай Рақымбеков және «Ұлы дала қырандары» ұсынған Сәдібек Түгел. Ал соңғы болып президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Жұматай Әлиев әзірге қазақ тілінен емтихан тапсырған жоқ.
Ақылбек Ихданов, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
- Үміткер қол жинау үшін тек үш сенімді өкілінің көмегіне жүгіне алады. Сөйтіп, мамырдың 6-сында қол қойылған қағаздарды тапсыруы қажет. Ол құжаттар мамырдың 11-іне дейін тексеріліп, кейін кімдердің ресми түрде кандидат ретінде тіркелетіні белгілі болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!