Автобус ішінде жарақаттанып, аяғын сындырды
Алматыда автобус жауын суы ағатын құдыққа түсіп кетіп, бетіндегі темір қақпақ еденін тесіп өткен. Соның салдарынан қоғамдық көлік ішіндегі жолаушы жарақаттанып, аяғы сыныпты. Аурухана төсегіне таңылған бойжеткен кемі бір ай ем-дом қабылдауы қажет. Ал жүргізушісін қорғаштаған автопарк басшылығы бар жауапкершілікті коммуналдық қызмет арқалуы тиіс дейді.
Автор: Бауыржан Жақсымбет
02.05.2019
Мереке Сұраншиева таңертең үйінен әдеттегіден ерте шығып, 65-ші бағыттағы автобуспен жұмысына бара жатқан беті еді. Лық тола автобустың ішіндегі абыр-сабырды естімеу үшін құлаққап таққан бойжеткен, апатқа ұшырап, аяғының қалай жарақаттанғанын түсінбей қалған.
Мереке Сұраншиева, зардап шегуші:
- Жан-жағыма қарап едім адамдар қаша бастады. Мен тізерлеп отырып қалыппын. Сүйретіліп орнымнан тұрғанша бір әйел келіп көмектескісі келді. Бірақ аяғымды баса алмадым.
Аяқ астынан аурухана төсегіне таңылған бойжеткен өзінің емін толықтай өтеп беруді талап етуде. Себебі, дереу арада облыстық ауруханаға жеткізілгеннен кейін, ота жасау керектігін айтқан. Қазіргі таңда жағдайы орташа болғанымен, аяғын нық басып кетуі үшін 2-3 емделуі қажет.
Елбол Телман, бөлім меңгерушісі дәрігер травмотолог:
- Қазір науқасқа үлкен балтыр сүйегіне операция жасалады. Жағдайы орташа ауыр. Бізде он он бес күндей жатады.
Апатқа ұшыраған қоғамдық көлікті ақпан айында ғана 45 миллион теңгеге сатып алынған екен. Сондықтан, автобусқа ешқандай мін таға алмаймыз деген автопарк басшылығы, жүргізушінің де 20 жылдан астам еңбек өтілі бар екендігін атап өтті. Жарақат алған жолаушының емін толықтай өтеп береміз дегендер, енді коммуналдық мекемені сотқа беруді көздеп отыр.
Асылбек Мажитұлы, «Авто Алма-Транс» ЖШС қаржы директоры:
- Коммуналшылардың кінәсі. Бұл люктарды ешкім қарамайды. Шығынды өндіру үшін сотқа береміз.
Ал, қалалық әкімдіктегілер өз тексерістерін бастап кетті. Егер ескірген немесе дұрыс орнатылмағандығы анықталса тиісті шара қолданамыз дейді. Бірақ, жауын суы ағатын құдық қапағының сынық болғанын немесе орнынан жылжып кеткенін ешкім әзірге дөп басып айта алмай отыр.
Нұрзат Ордабаев, Алматы қаласы мобильдік басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі таңда бұл оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылды. Енді сараптама жүргізілетін болады. Ал, жарақат алған қызға медициналық сараптаманың қорытындысынан кейін өтемақы төлейміз. Оның құны нақты қанша болатыны әзірге белгісіз.
Қазіргі таңда тез арада қалыпқа келтірген коммуналдық қызметкерлер қақпақты жауып қойған. Алайда, мұның қауіпсіз екендігіне ешқандай кепілдік жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!