Жатақханадағы өрт: Оттың қоршауында қалғандар терезеден секіруге мәжбүр болды
Нұр-Сұлтан қаласында адамдар қызыл жалынның құрбаны бола жаздады. 5 қабатты жатақханадан шыққан өрттен жұрт бала-шағасымен қоса әрең құтылған. Тіпті терезеден секіруге мәжбүр болғандар бар. Ал иіс тиіп, денесін күйік шалғандардың көбі кішкентай балалар. Бір бала жансақтау бөлімінде жатыр.
Автор: Досжан Маратұлы
02.05.2019
5 қабатты жатақханадағы өрт таңертең ұйқыдан тұрып, қаннен қаперсіз жатқан жұрттың үрейін алды. Лаулап жанған оттан тұрғындардың бір тобы далаға өз бетімен қашып шықса, енді бірі оттың қоршауында қалып, әуелі баласын кейін аналарының өзі терезеден секіруге мәжбүр болды.
- Секір секір!
Жалпы, отқа оранған жатақханадан 300-ден астам адам құтқарылды. Қатты шошынып қалған олар бір ажалдан аман қалдық дейді.
Ләззат Қарақойшина, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Шығатын қосалқы есік жоқ. Құтқармағанда үйден шыға алмас едік. Өліп кететін ек. Құдай сақтады.
Өрт жатақхананың екінші қабатындағы осы бөлмеден шыққан. Қызыл жалынның күшті болғаны сонша мұнда сау қалған дүние жоқ. Қайта абырой болғанда тілсіз жау өзге пәтерлерге жайылмай дер шағында сөндірілді.
От шарпыған аумақ 20 шаршы метр. Дегенмен, 26 адам түтінге тұншығып қалды. Оның 14-і кішкентай ұл-қыз. Тіпті иіс тиіп, күйік шалған баланың бірі жансақтау бөлімінде жатыр.
Аслан Жангереев, Нұр-сұлтан қалалық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің бөлім басшысы:
- №1 балалар ауруханасына 2-еуін жатқыздық, №2 ауруханаға 6 бала жатқызылды. Барлығының жағдайы жаман емес. Қалғанына ем-дом жасалған соң үйлеріне қайтарылды. Реанимацияда бір бала бар.
Бірақ, жансақтау бөлімінде жатқан баланың өміріне төнген қауіп жоқ дейді. Ал, болжам бойынша өрт электр пешінен шыққан болуы мүмкін. Нақтысы сараптамадан соң, белгілі болады.
Еркін Отарғалымұлы, Нұр-Сұлтан қалалық Байқоңыр ауданы ТЖД-нің бастығы:
- Қазір өрт зертханасы жұмыс істеп жатыр. Жатақханада көбіне жалға алушылар тұрған.
Айта кетерлігі, 45 жыл бұрын салынған үйге мемлекеттік жаңғырту бағдарламасы аясында бірнеше жыл бұрын 45 миллион теңгеге жөндеу жасалған. Бірақ, жұрт ақшаның қайда жұмсалғанын түсінбей отыр. Өйткені, әбден тозығы жеткен үйдің сол күйі едені опырылып, қабырғалары жарылып жатыр. Тіпті, баспалдағы қираған.
Бақыт Жалмағамбетова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Жөндеу басталғанда әкімдіктен келді. Жөндеуден бас тарттық. Өйткені жатақхана түбі бір құлайтынын білдік. Себебі апатты жағдайда.
Бірақ шенеуніктер ешкімнің сөзіне құлақ аспай, үйдің сыртын жөндеп ішін сол күйі қалдырды дейді жұрт. Бір қызығы, осы шала-жансар жөндеу жұмыстарына жұмсалды деген миллиондарды әкімдікке қайтару үшін әр отбасы несие ретінде ай сайын екі жарым мың теңгеден төлеп келеді. Енді үйіндінің астында қаламыз ба деп алаңдап отыр. Ал әкімдік жатақхананы апатты деп тануға да асығар емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!