{metadescription}
Тоқаев сарбаздармен бір дастарханнан дәм татты
Тоқаев сарбаздармен бір дастарханнан дәм татты

Тоқаев сарбаздармен бір дастарханнан дәм татты

Алматы облысында жауынгерлік жағдайға барынша жақындатылған «Айбалта-2019» оқу-жаттығуы аяқталды. 8000 сарбаз бен 2000-нан аса әскери техниканың дайындығын көруге Қазақстан президенті – Қарулы күштердің бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі келді.

15 сәуірден бастап «Нұр-сұлтан», «Оңтүстік» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері шартты түрдегі жауға тойтарыс беруге машықтанды.

Көктал полигонында құрылық және әуе қорғаныс күштеріне берілген тапсырма шартты түрде Қазақстан аумағына баса көктеп кірген содырлардың көзін жою. Таулы жерге тасаланған жауды құртуға жауынгерлер әртүрлі тактикалық дайындық әзірлеген екен. Сарбаздарды шынайы ұрыста шыңдау үшін ұйымдастырылған шарада әрбір әскери күшке арнайы межелер бекітілген.

Ең алғаш арнайы дабыл қағылып әуе күштері нысананы көздеуге көшті. Бұдан кейін ауыр техника мен танкілер де қашықтығына қарай белгіленген нысаналарға дөп тигізіп тапсырманы сәтті орындауға тырысты. 8 мың сарбаз бен екі мыңнан астам техника алдарына қойылған тапсырманы сәтті орындап шықты. Қарулы күштердің жаттығуына риза болған бас қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық жауынгерлерге өз сенімін білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміздің тәуелсіздігі мен шекарамыздың бүтіндігін қорғау – қарулы күштердің басты міндеті. Қазақстанның армиясы бүгінде мемлекеттің сенімді қалқаны әрі қуатты қорғаны болып отыр. Сіздер Отан алдындағы қасиетті борыштарыңзды абыроймен атқарып жүрсіздер. Әскери қызметке адалдықтарыңыз үшін алғыс айтамын.

Жаттығудан кейін президент далада тігілген госпиталь мен монша, одан соң тәулігіне әскерилерге арнап 5 мың тонна нан пісіретін наубайхананы да аралап шықты. Жауынгерлердің ас-мәзірімен танысып, тіпті тамақтарының құнарлылығына дейін сұраған президент, сарбаздармен бір дастарханнан дәм татты.

- Ас болсын!

- Ас болсын, рахмет!

Айбалта оқу-жаттығуы 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Онда Әуе қорғанысы күштері, шекара қызметі және жергілікті билік органдарымен өзара іс-қимылда арнайы операцияларды дайындау және жүргізу көзделеді. Әскери шараның тақырыбы да қазіргі әлемдегі геосаяси ахуалға қарай таңдалады. Негізінен лаңкестік пен экстремизмнің алдын алуға бағытталған. 

Сонымен қатар президент «Айбалта-2019» әскери оқу-жаттығу жиынына қатысып үздік болған жауынгерлерді марапаттау туралы да сөз қозғады. Үш кезеңнен тұратын шараның қорытындысын алдағы уақытта қорғаныс министрлігі нақты айтатын болады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде