Ел президенттігіне екі кандидат ресми түрде тіркелді
Nur Otan партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысының атынан шыққан Сәдібек Түгел қолдаушыларынан тиісті көлемде қол жинаған. Сондықтан бүгін орталық сайлау комиссиясы оларға президенттікке кандидат дәрежесін білдіретін куәліктерін тапсырды.
Автор: Ербол Тұрымбет
03.05.2019
Екі үміткерге де толыққанды кандидат атануы үшін соңғы белес – қолдаушыларынан 118 мың 140 адамның қолын жинау еді. Нұротандықтар еліміздің 14 облысы мен 3 ірі қаласынан барлығы 316 мыңға жуық адамның қолын қойдырып әкепті. Сөйтіп, бұл партияның атынан ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаев бәсекелестерінің арасында бірінші боп кандидаттық куәлігін алды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы қазір Алматы облысында жұмыс сапарымен жүргендіктен, оның орнына сенімді өкілі Мәулен Әшімбаев келді. Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, куәлікті кандидатқа өз қолымен апарып табыстамақ.
Мәулен Әшімбаев, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Бұл куәлік барлық құжаттардың толығымен заң талаптарына сай дайындалып, тапсырылғанының нышаны. Сондықтан осы тіркеу рәсімі өткеннен кейін барлық сайлауға қатысты жұмыстарды жүргізе аламыз.
Тоқаевтан кейін алғашқылардың бірі болып құжат өткізген Сәдібек Түгел де керекті қол санын артығымен қойдырып алыпты. Барлық өңірден 120 мың адам оны қолдайтынын білдірген. Ат шаптырып, ұлттық ойындарымыз бен салт-дәстүрлерімізді насихаттаумен айналысатын республикалық қозғалыстың басшысы жақтастарымен бірге апта бойы ұйқы көрмей қол жинапты.
Сәді-бек Түгел, Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат:
- Жүрек ауырған күнде ұйқысыз түн де көп болды. Мен осы түннің ішінде Шымкенттен ұшып келдім. Барлық аймақтағы азаматтарымыз белді бекем буып, білекті түріп, қызмет істеді. Ең бірінші уақыт тығыз болды, әсіресе. Сондай көңілімізде дүдәмал болды үлгере алмай қаламыз ба деген.
Осылайша о баста аты аталған 9 адамнан саяси жарыс жолында жетеуі қалды. Оның екеуі бүгін ресми түрде кандидат атанды.
Nur Otan ертең кандидатының сайлау штабын құруға шұғыл кіріспек. Сөйтіп, саяси науқанның негізгі бөлігіне дайындықты бастайды. Қалған 5 үміткер Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес, мамырдың алтысына дейін, яғни алдағы үш күннің ішінде 118 мыңнан астам қолдаушысының қолы қойылған қағаздарын тапсырып бітуі тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!