Басты рөлдерде қазақтың жігіттері ойнайтын америкалық кино!
«Қанды транзит» - адам саудасымен айналысатын мафия туралы фильм. Ал ондағы қылмыскерлердің рөлінде Жандос Айбасов пен Санжар Мәди ойнайды. Бұған дейін тек жағымды кейіпкерлердің рөлін сомдап, сонысымен талай бойжеткеннің жүрегін жаулаған актерлер бұл жолы мүлдем басқа қырынан танылады. Шетелдіктер түсірген туындыда намысқа тырысқан жігіттер фильмде каскадердің көмегінсіз төбелесіп, тіпті жарақат та алыпты....
Автор: Аруна Ортай
06.05.2019
b>
Американың азулы полициясы адам саудасымен айналысатын атышулы қылмыскер Серік Ыбыраевтың ізінен қуалап жүріп, ақыры қолға түсіреді. Ұсталған қарақшы сотта өзінен де ірі балық мафия басшысына қарсы сөйлеуі тиіс. Алайда Моңғолияның бүкіл ұры-қарысын басқарып отырған дөкей сотқа апаратын жолдың бәрін жауып тастайды. Амалы құрыған полицейлер куәгерді пойызбен жеткізуді жөн көреді. Алайда олар мұнда да кедергіге тап болады.
Киноны АҚШ пен Моңғолия бірігіп түсірген. Десе де, басты рөлдерде қазақ жігіттері. Мәселен, мафия басшысының рөлінде Жандос Айбасов. Режиссер бұл рөлге басқа жерлесіміз Еркебұлан Дайыровты таңдаған екен. Алайда аяқ астынан Жандостың жол болып кеткен. Бұған дейін тек романтикалық фильмдерде ойнаған актер экранда нағыз қандықол қарақшының кейпіне енеді. Тіпті намысқа тырысқан Жандос кинода шын төбелесіп, денесі көгеріп қалыпты.
Жандос Айбасов, актер:
- Кинода Санжар мені жерге лақтырады. Санжар басыма бөтелке жарады. Қатты жарақат болған жоқ. Бірақ кішігірім көгерген жерлер бар.
Ал екінші басты рөлде - Санжар Мәди. Адам саудасымен айналысқан, бірақ отбасы құрғысы келген жігіт қылмыс әлемімен біржолата қоштасуды ойлайды. Бірақ бәрі ол ойлағандай оңай болмады. Қылмыскердің рөлін алып шығу үшін Санжар, тіпті, білегіне татуировка жасатыпты. Моңғол мафиясының серкесі болғанымен, оның кейіпкерінің ұлты қазақ!
- Мен қазақпын!
Бұл фильмге түсу Санжар Мадиге оңай соқпаған. Өйткені, актер кинода бастан-аяқ қолындағы кісенмен жүреді. Кәдімгі темір кісен жерлесіміздің білегін жаралап та жіберіпті. Ал фильм орыс тілінде, бірақ қазақша субтитрмен шыққан. Бойыңызды шымырлатар нағыз шытырман оқиғалы фильмді көргіңіз келсе, 9 мамырдан бастап кинотеатрларға асығыңыздар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!