Алматыда екі әйел қарт майдангерді алдап соққан
Алмалы ауданы әкімдігінің қызметкеріміз деп Василий Кокаревтің үйіне кірген олар ардагердің тірнектеп жинаған 2 миллион теңгеден аса көлемдегі ақшасын үптеп кетіпті.
Автор: Салтанат Шырынхан
06.05.2019
Айлакерлер өздерін әкімдіктен келдік деп таныстырыпты. Қарияның үйде жалғыз екенін біліп, құжаттарын да көрсетпеген. Жеңіс күніне арналған мерекеге мектеп оқушыларының құттықтап келетінін ескертпек болғанын айтыпты. Үйге кірген олардың бірі қарт майдангерді әңгімеге тартып, екіншісі дәретханаға сұранады. Сөйтіп, аз ғана уақыттың ішінде қомақты қаржыны қолды еткен.
Василия Кокарев, соғыс ардагері:
- Жанымдағы әйел әңгімеге тарта бастады. Сізге әлеуметтік қызметкерлер келе ме, қандай да бір көмек, дәрілер қажет пе деп сұрады. Ал мен өзім жүріп-тұра алатындықтан ешқандай көмектің керек еместігін айттым. Сөйтсем ол менің ойымды бөліп, әңгімемен алдап отырыпты. Он минуттай уақыт өтті. Екінші әйелдің ұзап кеткенін сезіп, орнымнан тұрсам, ол дәлізде кетуге дайын тұр екен.
Үй иелері қаражаттың қолды болғанын келесі күні бір-ақ біледі. Ардагердің қызына полиция қызметкері хабарласып, «Саяхат» автовокзалынан оның документтері салынған пакет табылғанын хабарлайды.
Ольга Соловьева, В. Кокаревтің қызы:
- Мен қандай құжаттар екенін көруге барғанымда, үйден бірдеңенің жоғалғанын түсіндім. Келіп қарасам, ақша орнында жоқ. Құзырлы орындарға хабарласып, арыз жаздық. Маған олардың біз туралы алдын-ала қайдан білгендеріне таңым бар. Ол ақшаға мерекеде үлкен дастархан жайып, қалғанына саяхатқа шықпақ болғанмын.
Ұлттық валюта мен доллар аралас 2 миллион теңгеден аса көлемдегі қаржыны жымқырған алаяқтар үй маңындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Оңай олжаға қол жеткізбек болғандарды тәртіп сақшылары қазір іздестіріп жатыр. Құзырлы мекемедегілердің айтуынша, қылмыскерлерді құрықтауға кәсіби мамандар жұмылдырылыпты.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- Екі сезікті әйелдің аты-жөні мен тұлғалары анықталды. Олар бұрын соңды сотталған. Сыған нәсілді екі азаматша. Бірер күннің ішінде қылмысы ашылады деген болжамымыз бар. Және әділеттікті орнату мақсатында Ұлы отан соғысы ардагерінің бүкіл жымқырған ақшасын қайтарып береміз деген үмітіміз бар. 7 жылдан аса бас бостандығынан айыру көзделіп тұр.
Соңғы уақытта қарттарды алдау оқиғасы жиілеп барады. Әсіресе, айласын асыруға оңтайлы сәт осындай мереке қарсаңы. Сол себепті үйіңізге әкімдік қызметкерлеріміз дегендерден құжат талап етуді ұмытпаған абзал.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!