Табиғаты тамылжыған өлкеде тұрса да, сасық иіске тұншығып отыр
Бурабай кентінің тұрғындары ерте көктемдегі жан-жақтан ағылған судан әлі құтыла алмай отыр. Жүрер жолдарын, бау-бақшасын тегіс басқан топан су алыстан емес, жағалай қаптап салынған бай-бағландардың коттеджі мен сауналарынан аққан лас су дейді жұрт. Ұралары суға толып, дымқыл қабырғаларынан ток соққан олар құзырлы орындардың бәріне шағымданғанымен, еш көмек болмағанын айтады. Бәрінен бұрын балаларға жүріп-тұру қиын болды, - дейді тұрғындар.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
06.05.2019
Өткен ғасырдың басында курортты аймақта өкпе ауруын емдеу диспансері алғаш пайда болған. Науқастарды қымызбен емдеу үшін мына көшеде ат қора салынып, бие байланған дейді байырғы тұрғындар. Содан бері бұл көше Обозная деп аталып кеткен.
Бүгінде сол Обозная көшесімен тұрғындар әрі-бері өте алмай, резеңке етікпен су кешіп жүр. Жәй су емес, сасық су жолды да шайып кетіпті. Бәрінен бұрын балалардың жүріп-тұруы қияметке айналған. Мектепке бару үшін 2 шақырым жерді айналып өту керек. Су деңгейі күннен күнге көтеріліп келеді. Бау-бақшаға биыл көкөніс отырғыза алмайтын шығармыз, - дейді тұрғындар. Олар не көлікпен, не жаяулап жүре алмай қалғандарын айтып, құзырлы орындардың барлығына шағым хат жолдаған. Енді дым тартқан қабырғадан ток ұра бастағанда шыдамдары таусылған сияқты.
Ризабек Шаяхметов, Бурабай кентінің тұрғыны:
- Кенесары көшесі суда тұр. Бір-бірін арқалап өтеді, ана жақтан айналып жүреді. Өте қиын адамдарға.
Дымқыл тартқан қабырғалар осылай қақ айрылып, құлай бастаған. Тұрғындар үй ішінде де сасық иіс қолқаны жаратынын айтады. Азық қоры сақталған ұралар да суға толыпты. Табиғаты тамылжыған өлкеде осындай күй кешіп отырған жұртқа келген әкім де тұщымды жауап айтпады.
Талғат Амантаев, Бурабай кентінің әкімі:
- Біз бұл қиындықтан шығар жол іздеп жатырмыз. Суды арнайы көліктер сорып та көрді, үсті үстіне жиналып жатыр. Әрине, кейбіреулер құрылыс салу үшін жерлерін биіктетіп көтеріп жатыр. Оған не айтамыз. Оның үстіне биыл Бурабай көлдерінің деңгейі көтерілді. Бұл кәріз суы деп айта алмаймын. Күн жылынып жер кепсе, арықтар салуға болады.
Әзірге, бұл жерді ретке келтіріп, орманға дейін жеткен сасық суды тазартуға әкімдер асығып отырған жоқ. Жердің өз бетінше құрғауын күтпек. Тұрғындардың соған дейін амалдай тұруына тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!