{metadescription}
2 жасар баланың өлімінен соң ауыл әкімі кәріз құбырын жөндеуге кірісті  
2 жасар баланың өлімінен соң ауыл әкімі кәріз құбырын жөндеуге кірісті  

2 жасар баланың өлімінен соң ауыл әкімі кәріз құбырын жөндеуге кірісті  

Алматы облысында 2 жасар бала кәріз қалдығына тұншығып көз жұмды. Қайғылы оқиға Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазақстан ауылында болған. Елді мекенді бойлай өтетін ескі кәріз құбыры тесіліп, қалдық сай-салаға ағады екен. Арыққа жиналып қалған лас суға бүлдіршін абайсызда құлап кеткен. Ауылдық округ басшысы болған оқиғаға ата-ананы кінәласа, тұрғындар әкімнің шарасыздығына күйінеді.

2 жасар ұлынан қапыда айырылған Тұрахан Рәсілдің жүрегі қан жылайды. Суға тұншыққан баласының денесін арықтан өзі алып шығыпты. Кішкентай Аянның өлімі Қазақстан ауылындағы күллі жұртты шошытып отыр.

Тұрахан Рәсіл, Аянның анасы:

- Көршімнің баласы «Жүр шешең мына жақта» деген ғой. Бірге шыққан қақпадан. Шығыпты да ана жерге барып құлап кетіпті.

Көршілері баланы аман алып қалу үшін жанталасқан. Бірақ бәрі нәтижесіз. Аян отбасының көптен күткен сәбиі еді. Қос әпкесінен кейін 6 жылдан соң дүниеге келіпті. 20 күн бұрын 2 жасқа толған кішкентай бүлдіршіннің жүрегі Шелектен жедел жәрдем жеткенше тоқтаған.

Тұрахан Рәсіл, Аянның анасы:

- Жедел жәрдем 1,5 сағат бойы келмеді. Ешкімнің үйінде көлік жоқ. Егер де біреудің үйінде көлік болса сол күні менің балам аман қалар еді...

Мына сылдырап аққан су бұлақтың емес, кәріз қалдығының суы. Қазақстан ауылындағы шарап зауыты, емхана және көпқабатты үйлердің қалдықтары құбыр арқылы қалаға қарай ағуы тиіс. Алайда құбыр жарылып, осыдан 3 жыл бұрын істен шыққан екен. Содан бері жөндеу көрмеген. Ал су әлі күнге дейін осылай ауыл арасында жайылып ағып жатыр.

Тұрғындардың айтуынша, егіс даласына су жіберетін арыққа кәріздің қалдығы үнемі толып қалады. Арық Үлкен Алматы арнасына тиесілі. Мұнда кәріз суын ағызуға рұқсат жоқ.

Қанат Ыбырайымов, Қазақстан ауылының тұрғыны:

- Бір жерін жамаса, екінші жері тесіледі. Кәріз құбыры шіріп біткен. Оның бәрін ауыстыру керек.

Қайғыдан қан жұтқан отағасы кәріз құбырының мәселесі толық шешілмейінше тынбаймын дейді. Оқиғаның тағы қайталанбасына кепіл жоқ.

Жұмажан Жүнісбекұлы, Аянның әкесі:

- Бұны жүргізіп істей алмаса, жаба алмаса облыс әкіміне арыз жазамын. 

Көптің басты талабы құбыр жарылған аумақтағы шұңқырды қоршау. Оның тереңдігі  2 метр. Оған қоса арықтың маңайына арнайы белгі қою қажет. Себебі, жер үйлерге жақын. Жағдайдан хабардар округ әкімі болған оқиғаға ата-ананы кінәлап, құбырды жөндеуге кірісетінін айтты.

Марат Сүгірбеков, Қазақстан ауылдық округінің әкімі:

- 2 жастағы бала болғаннан кейін ата-ана да қарауы керек қой. Бала ойын баласы. Осы мәселемен ауданға барамыз.

Кәріз құбырын жөндеуге келген жұмысшылар болса жайбарақат. Ауыл жұрты «Әкімдік техниканы әкеліп үнемі көзбояушылық жасайды. Шу басылған соң жөндеріне кетеді» деп тағы да күмән келтіріп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде