Нұр-Сұлтан әкімдігі көпбалалы отбасыларға Екібастұзға қоныс аударуға ұсыныс жасады
Көпбалалы отбасыларға Нұр-Сұлтаннан қоныс аударуға ұсыныс жасалды. Елорда әкімдігі көп балалы жанұяларды баспанамен қамту үшін Екібастұз қаласына көшіруге дайын. Өйткені бас қалада тұрғын үй жеткіліксіз екен. Бұл – облыс орталықтарына да тән жағдай. Сондықтан мемлекеттің арзан пәтерін көпбалалы шаңырақтардың бәріне бірдей үлестіру қиындық туғызып отыр.
Автор: Досжан Маратұлы
07.05.2019
Маржан Қоңыратбаева жалдамалы ескі үйден көрпе-жастығын жинап, көшуге қамданып жүр. Бес баланың анасы мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болғанына әлі сене алар емес. 13 жылдай кезекте тұрған күміс алқа иегеріне су жаңа пәтердің кілті ойда-жоқта табыс етілген.
Маржан Қоңыратбаева, көпбалалы ана:
- Бір кезде қағазға қарап сіз үш бөлмелі үйге іліктіңіз деді. Аяғым дірілдеп кетті. Өтірік айтпаңызшы, өтірік айтпаңызшы дей беріппін. Кейін рас екеніне көзім жетті. Сөйтсем, үш бөлмелі үй. А-98 көшесінде орналасқан.
Сол үш бөлмелі пәтер осы. Қазір Маржан бала-шағасымен осында қоныстанып жатыр. Айта кетерлігі, баспана жекешелендірілмейді. Қалаған мерзімге арзан бағамен жалға беріледі.
- Әумин-әумин! Осы үйде той бола берсін!
- Рахмет!
Десе де, үкіметтің арзан баспанасы барлығына бірдей бұйырып жатқан жоқ. Мәселен, оралдық көп балалы ана Елена Бондарева тіпті, үй кезегіне тұра алмай жүр. Өйткені 7 адамнан тұратын отбасы ескі саяжайы бар болғандықтан, тіркеуге алынбапты.
Елена Бондарева, көпбалалы ана:
- Саяжайды қуана тастап кетіп, пәтерге көіп алар едім. Өйткені әбден тозығы жеткен, тұруға жарамсыз. Бірақ әкімдік үй кезегіне қоймай отыр. Оның үстіне атаулы әлеуметтік көмектен де қағылдық.
Ал атқамінерлер көпбалалы шаңырақтардың бәрін бір мезетте баспанамен қамту мүмкін емес дейді. Сондықтан тұрғын үй мәселесін шешу үшін жылдап кезекте тұрғандарды өзге аймаққа көшіру туралы бастама көтеріліп жатыр. Мәселен, Нұр-Сұлтан әкімдігі көп балалы жанұяларды Екібастұзға қоныстандыруға дайын. Онда олар үш бөлмелі пәтер және жұмыспен қамтылады. Баспана 5 жылға жалға беріледі. Бірақ кейін жекешелендіріп алуына болады.
Арманай Қабдешова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Тұрғын үй қорының» баспасөз хатшысы:
- Екібастұз қаласының әкімдігі көшкен отбасы мүшелерін еңбекақысы 120 мың теңгеден кем болмайтын жұмысқа тұрғызуға және де балаларды мектепке, балабақшаға орналастыруға тегін тамақ беруге мектепке қажетті құралдарды беруге жауапкершілік алып отыр.
Бірақ, мұндай ұсынысқа қарамастан әзірге Нұр-Сұлтаннан 300 шақырым жердегі өндірістік қала Екібастұзға көшуге ниет білдірген ешкім жоқ. Айта кетерлігі, қазір ел бойынша баспана кезегінде 32 мың көпбалалы отбасы тұр. Олардың 7 мыңы жаңа пәтерге биыл қоныстануы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!