Тірідей өртенген 41 жолаушының қазасын ұшқыштың қателігінен көріп отыр
Тірідей өртенген 41 жолаушының қазасына ұшқыштың жалғыз өзі жауап беруі мүмкін. Оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғаған ресейлік тергеушілер жолаушылардың қазасын ұшқыштың қателігінен көріп отыр. Мәліметке қарағанда, борт командирі апатты жағдайда әуе кемесін қондырып жатқанда жылдамдықты тым асырып жіберген. Суперджеттің шассиі шыдас бермей, жағармай толы бакты зақымдаған. Соның салдарынан алапат өрт шықты.
Автор: Аруна Ортай
07.05.2019
Дегенмен, сұрақ-жауаптың астына алынған ұшқыш кінәсіздігін дәлелдеп бағуда.
Шереметьево әуежайын кешегі жағдайдан соң өлі тыныштық басқандай. Әдеттегідей шу жоқ. Жолақтардың бірі жабылып қалған соң, рейстердің көбі кешігіп жатыр. Ұшағында 41 жолаушы тірідей өртенген «Аэрофлоттан» бөлек, әуежайдың қызметкерлеріне де тықыр таяды. Олар өртеніп жатқан ұшаққа дер кезінде көмек шақырмағаны былай тұрсын, оны телефондарына түсіріп, ішек-сілесі қатып күліп отырған.
Ал аман қалған 37 жолаушының алтауы ауруханада. Жағдайлары ауыр. Әсіресе екеуінің өмірі қыл үстінде екен. Тірі қалғандардың көбі Мурманск тұрғындары. Үйлеріне ұшақпен емес, поезбен кетуді жөн санаған. Жалпы апат болған күні біраз жолаушы билеттерін қайта өткізген. Жолаушылардың үрейін алған апаттың басты себебі де аталды. Тергеушілер апатқа экипаж біліксіздігі себеп деп отыр. Айтуларынша, ұшқыш жылдамдықты асырып жіберген. Салдарынан, өрт шыққан. Қалай болғанда да оқиғаның ақ-қарасы күлдің арасынан табылған қара жәшікте жазулы.
Светлана Петренко, РФ Тергеу комитеті ресми өкілі:
- Халықаралық авиация комитеті мен тергеушілер қара жәшіктегі мәліметтерді тексере бастады. Қолымызда видео және аудио жазбалар да бар. Куәгерлерден де жауап алынады.
Ал ұшақты екі ұшқыш басқарған. Екеуі де қателіктерін мойындамады. Бірақ себебін де ашып айтпай отыр.
Денис Евдокимов, ұшақ командирі:
- Подходили к земле плавно. С уменьшением вертикальной скорости к моменту касания. После аварийной остановки обьявили эвакуацию. Не могу сказать точно, почему произошло.
Мәскеу-Мурманск рейсіне мінген жолаушылардың ішінде 1 АҚШ азаматы болған. Бірақ, тірілердің тізімінде оның аты-жөні жоқ. Ал жанып кеткен Суперджеттің иесі «Аэрофлотқа» қатысты тергеу басталды.
Евгений Дитрих, РФ Көлік министрі:
- Зардап шеккен жолаушылардың барлығына өтемақы төленеді. Қаржы сақтандыру компаниялары, жергілікті бюджет пен «Аэрофлот» компаниясы есебінен төленеді.
Атап айтқанда, марқұмдардың отбасына 2 миллион рубльден төленеді. Біздің ақшаға шаққанда шамамен 12 миллион теңге. Ал аман қалғандарға 500 мың рубльден беріледі. Бұдан бөлек «Аэрофлот» компаниясы зардап шеккендерге 5 миллион рубльден төлеуге міндеттелді. Әзірге, істе күдікті жоқ. Тергеу жүріп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!