Ақтөбеде өрттің кесірінен өзен бойындағы тал-теректер түгелімен күлге айналды
Мұндағы оннан астам саяжай кооперативінің жері де жарамсыз болып қалған. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Десе де, жеті үй адам тұруға жарамсыз.
Автор: Жаңалық Ахаш
07.05.2019
Кірпішті ауылы маңындағы саяжай тұрғындары қатты шошынып қалған. Өрт жан-жақтан лап қойғанда көбісі үйлерінен шыға алмапты.
- Адамдар шыға алмай жатыр. Сұмдық боп жатыр...
Ал Берік Ақшолақов болса керісінше жалыннан мұнда жолай алмағанын айтады. Оның жақында ғана тұрғызған жаздық үйі жанып кетті.
Берік Ақшолақов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Бұл жерде адам болған жоқ. Бұл жерге келудің өзі мүмкін болмады. Жөндеуге алып қойған материалдарым зардап шекті. Талдарым зардап шекті жеміс беретін.
Бұл маңдағы жүздеген саяжайдың жасыл желегі күлге айналған. Жұрт аман қалған дүниесін түгендеп жүр. От тұтанған кезде қырық шақты тұрғын қауіпсіз жерге көшіріліп, жеті үйдің шаңырағы ортасына түскен.
Владимир Однонозый, «Зеленый» бау-бақша ұжымының төрағасы:
- Бау-бақша өртеніп жатқанын әріптесімнен естідім. Қаладан осында шыққанымда түтін алыстан көрініп тұрды. Қазір біздің үйлердің электр сымдары балқып, трансформаторымыз жанып кеткен. Ең алдымен соны ретке келтіру керек болып тұр. Тергеушілер де тексеріп, тұрғындардан жауап алып жатыр.
Өрт сөндірушілердің сөзінше, жалын шарпыған аумақ қырық гектардай. Әсіресе Кірпішті елдімекені іргесіндегі өзен бойындағы тал-теректердің дымы қалмаған. Өрт сөндіруге 150-ден астам құтқарушы тартылды.
Отты ауыздықтауға өрт сөндірушілердің күші жетпеген соң көмекке әуе қорғанысы күштері институты қызметкерлері мен зауыт жұмысшылары да келген. Барлығы жабылып бес сағат бойы қызыл жалынмен алысты. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!