Ардагерлер соғыс жылдарындағы әндерді шырқады
Соғыс жылдарындағы сүйікті әндер! Алматыда «Дегдар» мен Тұңғыш Президент қоры майдангерлерге ерекше сый жасады. Ардагерлер соғыс жылдарындағы әндерді шырқап, би биледі. «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында өткізілген қайырымдылық концерті Жеңіс мерекесіне арналып отыр.
Автор: Әсем Қабылбек
08.05.2019
Азамат Жылтыркөзов, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:
- Осы елді, жерді қорғап аман алып қалғаны үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Сұрапыл жылдардағы қан майданның зардабы мен жеңістің қуанышы әсем әуенге бірікті. Еліміздің өнер жұлдыздары сахнада классикалық әндер шырқады. «День победы», «Катюша», «Кестелі орамал», «Ана туралы баллада» секілді соғыс даласындағы ерлікті дәріптейтін шығармалар, қазақ және орыс классиктерінің туындылары құлақтың құрышын қандырады. Баритон дауысты Азамат Жылтыркөзов, сопрано Гүлзат Дәуірбаева, тенор Медет Чотабаев пианист Тимур Орманшеевтің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы «Дегдар» қорының қолдауымен 2001 жылы қолға алынған. Белгілі музыканттар осы күнге дейін барлық аймақта 70-тен аса тегін концерт қойды. Сондай-ақ қор мүшелері соғыс және еңбек ардагерлерінің үйлеріне азық-түлік жеткізіп, қаржылай көмек те көрсетеді. Биыл қордың мұндай шарапатына алматылық 26 қария бөленді.
Валентина Вечкуткина, еңбек ардагері:
- Қайырымдылық мақсатында өткізілетін дәстүрлі концертті жыл сайын асыға күтеміз. Майдандас достар, тыл ардагерлері осында кездесіп, өзара шүйіркелесеміз. Ән саламыз, би билейміз. Біз үшін нағыз мереке.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!