Кәсіпкерлер ет бағасының неліктен қымбаттағанын түсіндірді
Елімізде ет қымбаттады. Бір жылдың ішінде жылқы мен құс етінің құны 9-15 пайызға өсіп кетіпті. «Ранкинг.kz» сараптама сайтының мәліметтері осындай. Сатушылар мұны шаруалардың экспорттың ұлғаюынан мал етін көбіне шетелге сатқысы келетіндігімен байланыстырады.
Автор: Ербол Тұрымбет
08.05.2019
Ал Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, құс етінің қымбаттауы ішкі нарықта импорттың 35 пайызға жетуімен байланысты екен. Жалпы етке келсек, жем-шөп пен тасымал, етті сақтау қызметтерінің қымбаттауы дегендей көз көріп, құлақ үйренген себептер. Ал кәсіпкерлер мынадай нұсқаны айтады: Қазақстан Иранмен үш жылдық келісім жасасып, Иранға қой мен сиырдың етін жөнелтпекші. Олар соны келісіне 6 доллардан көтерме бағамен сатып алғысы келетін көрінеді. Шамамен 2200 теңгеден. Біздің премиум санатындағы, яғни қымбат дүкендерде де ет осындай бағамен сөрелерде тұр. Сондықтан шаруалар мал етін өз дүкендерімізге емес, жоғары бағамен шетелге сатқысы келеді. Ақырында өзіміздегі саудагерлер де шаруалардан қымбатқа алуға мәжбүр болады да, дүкенде оның құны өседі.
Айгүл Естаева, сауда желісінің иесі:
- Бір апта бұрын ғана қой етінің көтерме бағасы 1400 теңге еді. Қазір 2100 теңге. Сиыр етін жыл басында 1100-ден алатынбыз. Оныңыз 1500-1600-ге көтерілді. Егер экспортты көбейтетін болса, көтерме бағасы 2 мыңнан асады да, дүкендегі құны 3 мыңнан жоғары көтеріледі. Оны кім қай ақшасына сатып алады?!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!