Шымкентте 20-дан аса адам алаяқтарға алдандық деп шағымданды
Атыраудағы мұнай компаниясына жұмысқа орналастырамыз деген біреулер олардан 150 мың теңгеден жинап алған көрінеді. Бұлар тіпті арнайы курстар ұйымдастырып, келісім-шартқа отырыпты. Әйтсе де, олар айтқан компанияның жоқтығын Түркістан облысының 24 және Қызылорданың 40 тұрғыны Атырауға барған кезде бір-ақ білген.
Автор: Бек Әбиев
08.05.2019
Мына жұмыссыз жігіттер бір айдан бері көрінгенге жем болып жүр. Сәуір айының басында ғаламторға жұмыс береміз деген хабарландыруды көріп, хабарласады. «БНТ» деген компаниямыз деп таныстырған қыз бен жігіт Шымкентке жеке сұхбаттасуға шақырады. Мұнай компаниясына құбыр монтаждаушы қажет, жалақысы 300 мыңнан асады деп бөсіпті. Бірақ жұмысқа тұру тегін емес екен, 150 мың теңгеден жинап, келісім-шартқа отырады.
Медеу Арыстанбеков, жәбірленуші:
- Атырауға барған соң құжаттардың бәрі жалған екенін білдік. Сөйтіп, бір тиынды 2 тиын қыламыз деп барған жігіттер далада қалды. Бала-шаға асырау үшін, бірі малын сатқан, екіншісі несие алған.
Шынайы көріну үшін Әйгерім, Әнуар және Ақылбек деген үшеу тіпті жұмыстан үміттілерге арнайы курс ұйымдастырып, куәлік берген. Жолдама жазып, Атырауға жіберіпті де. Атырауда алданғанын бір-ақ білгендер бірнеше күн вокзалда түнеген. Итшілеп жүріп Шымкентке қайта келіп, арыз жазған. Ал полициядағылар қылмыскерді ұстамақ түгілі өзімізден ақша сұрады дейді жігіттер.
Жалғас Бөрібеков, жәбірленуші:
- Абай бөлімін тексертсек, ешқандай іс қозғалмаған. Тіпті тіркелмеген де. Руслан деген тергеуші жігіт ішке кіргізіп алып, жолға 10 мың теңгеден жинап беріңдер, ертең азанда ұшып барып әкелеміз деп айтты.
Алаяқтарға жем болғандар осыған налып, прокуратураға шағым түсірмек болған. Тек прокуратурадағылар оларды ішкі істер бөліміне қайта жіберді. Ал Абай аудандық полиция бөліміндегілер өз әріптестерінің ақша сұрағанын жоққа шығарып, 24 жігіттің арызы сол күні-ақ тіркелген деп отыр.
Бақытжан Жақсылықов, Абай АПБ тергеу бөлімінің бастығы:
- Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда аталған жәбірленушілердің арыздары негізінде жедел іздестіру шаралары жүргізілуде. Ондай факт орын алуы мүмкін емес. Себебі, мемлекеттен ақша бөлініп, ол бойынша қызметкерлер мемлекеттен бөлінген қаржы негізінде жолға жіберіледі.
Погондылардың айтуынша, күдіктілердің қазір болуы мүмкін жерлердің барлығы анықталған. Бірер күнде ұстаймыз деп отыр. Алаяқтардың қолына тездетіп кісен салмаса, өзгелердің де алданып қалуы әбден мүмкін. Себебі, Шымкенттен өзге Қызылорда да дәл осы алаяқтарға алдандық деген тағы 40 жігіт полицияға шағым түсіріпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!