700-ден астам бала құлағалы тұрған ғимаратта оқып жатыр
Түркістан облысында құрылыс компаниясының салғырттығынан 700-ден астам бала құлағалы тұрған ғимаратта оқып жатыр. Келес ауданына қарасты Ынтымақ ауылында оқушы саны көбейген соң 2 жыл бұрын жергілікті билік су жаңа мектеп салып бермек болған. Бірақ тендерді ұтқан құрылыс компаниясы, о баста құрылыс жұмыстарына бірнеше қосалқы мердігер фирмаларды жегіп, ақырында оларға да бір тиын төлеместен қашып кеткен. Соның салдарынан бір жыл бұрын берілуі тиіс ғимарат сақалды құрылысқа айналды....
Автор: Бек Әбиев
13.05.2019
b>
Ынтымақ ауылындағы мына ғимарат кезінде мақташылар үшін жатақхана ретінде салынған. Ауылда бала көбейген соң мұны уақытша мектеп ретінде қолдана бастапты. Қазіргі тұрқынан кісі шошиды. Тұрғындардың өзі бала оқытпақ түгілі мал қамауға жарамайды деген ғимараттың шатырынан көктем мен күзде су өтеді. Ал қыста қанша отын жаққанымен оқушылар бас киімі мен күртесін шешпей отырған көрінеді.
Әбдіәкім Аманов, Ынтымақ ауылының тұрғыны:
- Мың рет айтсаң да пайда жоқ. Астында еден жоқ. Есіктің бәрі тесік. Терезелері ашық-шашық.
Құлауға шақ тұрған мектептен ел жыларман болған соң атқамінерлер 2 жыл бұрын 300 орындық жаңа мектеп салып бермекші болыпты. Ол үшін 830 миллион ақша да бөлген. Құрылыс жүргізу құқын қызылордалық «Айдана» компаниясы ұтып алыпты. 2018 жылдың тамыз айында толық бітіреміз деген компания, бюджеттен миллиондарды алып, бірнеше қосалқы мердігерді жалдаған. Бірақ, не жұмысты бітірмеген. Не жалдаған компанияларына да бір тиын төлемей ізім-ғайым жоғалыпты.
Болат Жұмабаев, қосалқы мердігер компаниясының өкілі:
- Біз 120 адаммен келіп 2 ай шамасында жұмыс істедік. 30 миллион теңгедей ақша шығардық. Одан бөлек бізде арматураға кірпішке деп алған қарызымыз бар. Менен бөлек, 2 мердігер жұмыс істеді. Біреуі естуімше 90 миллион айтып жатты. Екіншісі 18 миллионға жұмыс істеген болатын.
Тендер ойнатылғанда Сарыағаш ауданына қараған Ынтымақ ауылы былтырдан бері Келес ауданына қарайды. Сарыағаштық құрылыс бөлімі биыл ғана құрылыс компаниясын сотқа беріп, жеңіп шығыпты. Енді тағы тендер ойнатып, басқа компанияға беруге мәжбүр.
Нұржан Жорабеков, Сарыағаш аудандық құрылыс бөлімінің маманы:
- Енді ол жаңа мердігер анықталғаннан кейін барып қаржылындыру кестесі жасалады. Соған байланысты мерзімі бекітіледі де сонымен бітіруге әрекет жасайды. Қаржы жеткілікті, одан проблема жоқ.
Ақша жетеді деген шенеуніктер ендігі тендерге түсетін компанияларды жіті тексереміз деп отыр. Онсыз да сақалды құрылысқа айналған мектеп ғимаратын жылдамдатып бермесе, Ынтымақтағы тозық ғимарат құлап, ауыл мектепсіз қалуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!