Ақтөбеліктер Иегова куәгерлері шіркеуінің жабылуын талап етті
Ақтөбеде тұрғындар Иегова куәгерлері шіркеуінің алдында наразылық шарасын өткізді. Олар діни ұйымның жабылуын талап етіп отыр. Наразы топтың айтуынша, Иегова куәгерлерінің кесірінен біршама адам зардап шеккен. Жиналғандар арасында баспанасынан айрылғандар да бар көрінеді. Әйтсе де, діни бірлестік басшылары олардың қарсылығына қатысты үн қатпады.
Автор: Жаңалық Ахаш
13.05.2019
Ақтөбе шетіндегі бұл шіркеуде Иегова куәгерлерінің құлшылық етіп келе жатқанына жиырма жылдан асқан. Мұнда жиналған дін өкілдері бұл жолы мінәжат етудің орнына, қақпа алдына қарағыштаумен болды. Себебі, наразылық шарасына жиналғандар діни ұйымның жабылуын талап етуде.
Ұрандатып шыққандардың сөзінше, барлығы дерлік осы иегова куәгерлеріне алданып қалған көрінеді. Бірі отбасымен араласпай кеткенін осы дін өкілдерінен көрсе, енді бірі солардың кесірінен далада қалғанын айтады.
Юля Ярославцева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Әжем Иегова куәгерлеріне үйімізді тарту етті. Құжатты рәсімдеп бергеннен бір апта өтісімен қайтыс болды. Олардың әжемнің басын айналдырып, психологиялық қысым көрсетіп, алаяқтық жолмен баспанамызды алғанына сенімдімін. Қазір мен екі баламмен солардың кесірінен далада қаңғып қалдым.
Аманжол, Ақтөбе қаласының тиұрғыны:
- Балаларына қарсы шығады көбінесе. Отбасына қарсы шығады. Егер дінге кірмесе, солар адам құрлы көрмейді.
Ал діни бірлестік басшылары мұның бәрі жала деп отыр. Бірақ олардың ашық мәлімдеме жасағысы жоқ.
Елімізде Иегова куәгерлерінің алғашқы қауымы осыдан 27 жыл бұрын ресми тіркелген. Өңірлерде оның алпысқа жуық бірлестігі бар. Қазақстанмен көршілес мемлекеттердің барлығы дерлік бұл ұйымға тыйым салған. Ресейдің өзі екі жыл бұрын оларды экстремистік ұйым деп таныды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!