Қазақ жігітінен 8 бала тапқан украин әйел Қазақстан азаматтығын аңсап жүр
Алматыда украиналық Анжела Потась Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр. Көк түсті куәлікті армандаған келіншек Қазақстан және Украина Президенттерінен жәрдем сұрайды. 15 жыл бұрын қазақ жеріне келіп, еліміздің азаматына тұрмысқа шыққан Анжела 8 баланы дүниеге әкеліпті. Барлығы да Қазақстан азаматы. Осы уақыт ішінде көші-қон заңын екі мәрте бұзған Анжела Потась енді депортациялануы мүмкін. Көпбалалы ананың жанайқайын тілшіміз тыңдап қайтты.
Автор: Әсем Қабылбек
14.05.2019
Арман Батқалов пен Анжела Потасьтың 8 баласы бар. Отасқандарына 15 жыл. Бірақ заңды некеге былтыр отырған. Соңғы уақытта ерлі-зайыптылардан маза қашты. Әйелі шетел азаматы болғандықтан Украинаға қайтуы тиіс. Себебі, Қазақстанда көші-қон заңын 2 рет бұзып, айыппұлмен құтылған. Анжела - Запорожье облысы, Бердянск қаласының тумасы.
Анжела Потась, Украина азаматы:
- Балаларымның болашағы үшін осындай қадамға бардым. Жолдасым екеуіміз ешкімге алақан жаймай, еңбектеніп тәрбиелеп отырмыз. Мені Украинаға депортацияласа олардың күні не болмақ? Бір жыл өтпейінше Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат сұрай алмаймын. Жақында сот болды. Кінәмді мойындаймын.
4 мамырдан бастап Анжела Потась Қазақстанда 180 күн жүруге құқылы. 90 күн өткен соң шекара асып, қайтадан елге келуі тиіс. Ал келесі 3 айдан соң Қазақстан аумағына кіре алмайды. Тек жарты жылдан соң қайта оралуға рұқсат. Жолдасы балаларының тағдырына алаңдайды.
Айдар Батқалов, Анжеланың жолдасы:
- Депортация жасап жіберсе Украинаға мен ойладым қорықтым, әйелімді сол үшін тыға бастадым бала-шағамды кішкентайларды интернатқа өткізеді ме деп. Өйткені, өз үйім жоқ менің.
8 баланы бір мезетте өзімен бірге шетелге алып шығуға Анжеланың шамасы жоқ. Отбасының жалғыз табысы - Айдардың айлығы. Ол түгілі Нұр-Сұлтан қаласындағы Украинаның елшілігіне бару мұң. Ал, туған анасы қызы ислам дінін қабылдағаны үшін теріс айналған. 8 баланың 5-уі мектепте оқиды. Тұңғышы Анаят - 13-те, ең кішісі Адина - 1,5 жаста. Аналары Қазақстан азаматы болмағандықтан талай игіліктен қағылған.
Аида Бұқаева, «Бақытты отбасы» орталығының Медеу ауданы бойынша жетекшісі:
- Мемлекет беріп жатқан балалардың көмегінің бәрінен тыс қалып жатыр. Алтын алқасы, күміс алқасы, адрестік көмек, жәрдемақылардың бәрін бір теңге де мемлекеттен бұл кісілер жәрдемақы алмайды.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- 17 жылдың ішінде бұл азаматша бірде-бір рет ішкі істер органдарына келіп азаматтық алу жөнінде қандай да бір ұсыныс жасамаған. Өзі әрекет етпегеннен кейін қателік толығымен сол кісінің өзінен болып отыр. Заңға қайшы емес болса онда барынша көмек көрсетуге дайынбыз. Титтей бала-шағасының барын біз түсініп отырмыз.
Ал Анжела осы уақытқа дейін әрекет етпегенін құзырлы органдардың құлықсыздығымен түсіндіреді. Батқаловтар отбасы саяжайдағы үйлердің бірін паналайды. Көпбалалы аналардың мәселесімен айналысатын заңгер Анжела азаматтық алған соң баспана кезегіне қоюға ниетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!