Ұшақ апатынды ұлынан айырылған әке тергеудің созылғанына наразы
Бес адамның өмірін жалмаған ұшақ апатына қатысты тергеу әділ жүруі тиіс. Ұшқыш ұлынан айырылған Виталий Кутафин құзырлы министрлікке осындай талап қойды. Оның айтуынша, қайғылы оқиға болған күннен бері 1 жарым жыл асса да апаттың нақты себебі белгісіз. Осылайша ұзаққа созылған тексеруге наразылық білдірген ол, әуе кемесін тізгіндеген білікті ұшқыштар қателік жіберуі мүмкін емес дейді.
Автор: Мақсат Мәлік
14.05.2019
Виталий Кутафин, марқұм Евгений Кутафиннің әкесі:
- Ұшқыштар мен нұсқаушылардың пікірі бойынша, дайындығы өте жоғары мамандар қателікке бой алдыруы мүмкін емес. Егер қозғалтқыш істеп тұрса ұшақтың жарамды болғаны. Бірақ, экипаж мүшелері байланысқа шықпаған. Сондықтан олар ес-түссіз күйге түскен болуы мүмкін. Соол себепті кінәні әлдекімге сілтей салмай, әділ тергеу жүргізу қажет. Тіпті, ұлымның жеке заттарын маған әлі қайтарған жоқ.
Виталий Кутафиннің айтуынша, марқұм ұлы Евгений өмірінде АН-2 ұшағымен 700 және АН-28 ұшағымен 100 сағат ұшып-қонған. Сол себепті тәжірибесі мол ұшқыштың кез-келген қауіпті жағдайдың алдын алуға қабілеті жетеді дейді ол. Сондай-ақ, қайғыдан қан жұтқан әке тергеу қорытындысы шықпайынша сақтандыру компаниясы қажетті төлем жасамайтынын айтады. Естеріңізге салайық, 2017 жылдың қазан айында Алматы маңында АН-28 санавиация ұшағы апатқа ұшырап, борттағы 5 адам түгел қаза тапқан болатын. Ал, құзырлы ведомство өкілдері осы айдың соңына дейін тергеу аяқталады деп сендірді.
Нұрлан Жұмасұлтанов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі авиациялық оқиғаларды тергеу басқармасының басшысы:
- АН-28 ұшағын пайдаланушылар объективті бақылау құрылығысының дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етпеген. Яғни қара жәшікте ешқандай жазба сақталмаған. Соның кесірінен тергеу ұзаққа созылды. Бірақ, жақын күндері толық аяқтаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!