Мұнай тасымалынан Қазақстан зардап шеге ме?
Мәжілісмендер Беларусь арқылы Еуропаға тасымалданып жатқан «лас мұнай» төңірегіндегі дауға араласты. Депутат Азат Перуашев «Дружба» құбыры арқылы біздің елдің де қара алтын тасымалдайтынын айтып, одан біз шығын көрдік пе, соны тексеру керек деп отыр. Өзгелер өтемақы талап етіп жатқанда, біздегілердің шығынды есептемей отырғанын сынады.
Автор: Әсел Тұмашқызы
15.05.2019
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
- Біздің Энергетика министрлігі әлі күнге үндемей отыр. Бірақ кейбір телеграм арналарының арқасында бұл оқиғада біздің ұлттық мүддеміз зардап шегіп отыр деген ақпарат түсті. Олай болса, біз зардабымызды қай жағынан, қалай ақтай аламыз? Не Ресейден компенсация сұраймыз ба, әлде басқа жолдары бар ма?
Беларусь 19-шы сәуірде Ресейден ластанған мұнай келіп жатқанын айтып дабыл қаққан. Осының салдарынан құны 2 жарым миллиард доллар болатын 37 миллион баррель мұнайдың ластанғаны белгілі болды. Депутаттар осы зая кеткен қымбат шикізаттың ішінде біздің де өнім бар деп күдіктеніп отыр. Өйткені, еліміздің батыс өңірінен басталатын «Атырау-Самара» құбыры Ресей арқылы Беларуське әрі қарай Еуропаға жылына 15 миллион тонна мұнай жібереді. Енді Польша, Чехия және Венгрия осы құбыр арқылы келетін шикізатты сатып алудан бас тартса, ластанған мұнай қара алтын өңдейтін зауыттарымызға залал келтіреді деген Беларусь Ресейден өтемақы сұрады. Қазір Мәскеуде осыған қатысты «мұнай құбырларын жарамсыз ету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 4 адам қамауға алынып, тағы екеуіне іздеу жарияланды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!