Ел алдында ат мініп, сыйлық алған генералға қатысты қызметтік тексеріс басталды
Ел алдында ат мініп, сыйлық алған Атырау облыстық полиция департаменті бастығына қатысты қызметтік тексеріс басталды. Тіпті бұл дау Ақордаға дейін жетіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды.
Автор: Ербол Тұрымбет
15.05.2019
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- ІІМ Е. Тұрғымбаевқа Атырау облыстық Полиция департаменті бастығының ерсі әрекетіне қатысты қызметтік тексеру жүргізуді тапсырдым. Қатаң шара қолданылатын болады.
Әлеуметтік желіге тараған мына видеода қызметтік киімімен жүрген Атырау облысының бас полицейі Аян Дүйсенбаев бабы келіскен күрең қасқаға ерді екі жағынан ұстап мініп алды. Генерал туған жері Қызылқоға ауданына барып, мәдениет үйінде тұрғындармен кездескен. Мына сияпат сол жерде беріліпті. Алайда мемлекеттік қызметкерге ірі көлемде сыйлық алуға болмайтынын естен шығарып алған сияқты. Десе де, оның бұл сыяпатты мемлекеттік мүлік комитетіне немесе әкімдікке тапсыруға үш күн уақыты бар. Ұлттық бюрода сыйланған затты бір аптада тапсыруға болады деген ереже бар. Дүйсенбаевтың аты дауға қалуы бірінші рет емес. Былтыр жазда Минскідегі казинолардың бірінде ойынға кіріп жүргені камераға түсіп қалған болатын. Мұнысын «досымды алып кетуге барғанмын» деп ақталған еді. Ал жуырда ғана 7-мамыр, Отан қорғаушылар күні қарсаңында Президент оған өз қолымен генерал-майор әскери атағын табыстаған болатын. Жерлестері жоғары шен алған елдің баласына құрмет көрсету үшін осындай сый жасаса керек. Ауылдасына осынша ерекше ілтипат білдірген қызылқоғалықтар бұл сыйлық емес, көрсеткен құрметіміз дейді.
Мұрат Сарманов, Қызылқоға ауданының тұрғыны:
- Бұл жерде мінген атты, жабылған шапанды беруші де, қабылдаушы да дүние немесе сыйлық деп есептемейді. Бұл тарту-таралғы сол азаматтың еңбегін бағалай отырып, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде ұсынылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!